372,6 млн теңге: Қысқы Азия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға қаржылай сыйақы берілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 5 тамыз, 2025
- 439
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Үкімет қаулысымен 372,6 млн теңге көлемінде сыйақы бөлінді.
Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Алтын жүлделер биатлон, фристайл, шорт-трек және шайбалы хоккейден келді.
Бұл қолдау спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Соңғы алты жылда елде 314 дене шынықтыру кешені мен 58 жүзу бассейні салынды. Дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын халық үлесі 41,4%-ға жетті.
Балалар мен жасөспірімдер спорты да дамып келеді. 4–17 жас аралығындағы 250 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт үйірмесіне қатысады. Спорт мектептерінің саны 521-ге жетіп, спортпен шұғылданатын балалар саны 406 мыңға артты.
Мемлекет спорт арқылы дені сау және белсенді ұлт қалыптастыруға басымдық беріп отыр.






