-39 градусқа дейін аяз болады: ТЖМ абай болуға шақырды
-39 градусқа дейін аяз болады: ТЖМ абай болуға шақырды
Төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздікке баса мән беру керектігін ескертті, деп хабарлайды Жамбылинфо Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. «Қазгидромет» болжамына сәйкес желтоқсанда ауа райы жиі өзгереді. Кейбір ауданда қар көп жауып, боран болатыны хабарланады. Оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады, тұман, көктайғақ, екпіні секундына 15-30 метрге дейін немесе одан да көп жел соғады деп күтіледі. Жауын-шашын тоқтап, тұрақсыз болған ауа-райы аязға ауысады. 7-15 желтоқсан аралығында суық арктикалық ауа массасының келуімен еліміздің барлық аумағында ауа температурасы: - Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында түнде -39°С, күндіз -35°С дейін; - Ұлытау, Абай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде -35°С, күндіз -30°С дейін; - Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында түнде -23°С, күндіз -20°С дейін; - Қызылорда облысында түнде -20°С дейін, күндіз -15°С дейін; - Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында түнде -25°С дейін, күндіз -17°С дейін, таулы аудандарда түнде -30°С дейін, күндіз 15°С дейін; - Атырау, Маңғыстау облыстарында түнде -18°С, күндіз -12°С дейін күрт төмендейді.
Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты құтқарушылар жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес береді. Автокөлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қаупі туралы еске салады. Барлық оқиға туралы 112 немесе 101 телефондарына хабарласуыңызды сұрайды.