Жаңалықтар

54 мыңнан астам жамбылдық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады

54 мыңнан астам жамбылдық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады

Ағымдағы жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында Жамбыл облысында 54 156 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады деп жоспарлануда. Аталған бағдарламаға биыл 13,7 млрд. теңге қаралды десек, ол өткен жылмен салыстырғанда 4,3 млрд. теңгеге артық.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов атқарылған жұмыстар мен жоспарларға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері 16476 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, 11845 адам жұмысқа орналасқан. Ал, тұрақты жұмысқа 3763  адам тұрған. Биыл облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 12,1 млрд.теңге қарастырылса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,1 млрд.теңгеге артық. Субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 13507 адамды тарту жоспарланып, жыл басынан  3089 адам тартылды.

Облыс әкімі көрсеткіші облыстық орташа деңгейден төмен аудандардан жеке-жеке жауап алып, олардың дайын еместігін, және мәліметтердің әрқилылығына қатысты басқарманың жұмысын сынға алды.

Облыс әкімі кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолдануды тапсырды. Сондай-ақ, кеңес барысында «Асар», «Мейірім», «Жомарт түлек» жобаларының жүзеге асу барысы талқыланды. Аймақ басшысы бұл жобалардың тәрбиелік, әлеуметтік маңызына айрықша тоқталып, жыл сайынғы көрсеткіштің өсім динамикасын қамтамасыз ету керектігін баса айтты.