Жаңалықтар

6 елді мекенде су басу қаупі төмендеді

6 елді мекенде су басу қаупі төмендеді

  Жамбылдағы елді мекендер мен шаруашылық нысандарын су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан болуы мүмкін. Сондай-ақ тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр сулары да халық шоғырланған ауылдарға қауіпті саналады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков айтып берді. Спикердің айтуынша, аймақ бойынша көктемгі мерзімде су басуы мүмкін 38 елді мекен бар. Олардың 28-і су қоймаларындағы су деңгейінің көтерілуінен, ал 10-ында тау бөктерінде еріген қар суы немесе нөсерлі жаңбыр салдарынан орын алу ықтималдылығы ескерілген. «Облыс көлемінде 156 гидротехникалық құрылыс нысандары орналасқан. Оның ішінде республикалық меншікте – 41, жеке меншікте – 9-ы бар. «2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар кешені» Жол картасына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 6 елді мекенде су басу қаупі төмендеді. Олардың қатарында Жамбыл ауданының Жасөркен, Қызылқайнар, Байзақ ауданының Сарыкемер, Денсаулық саяжайы, Талас ауданының Ақкөл және Үшарал ауылдары бар, — деді Е. Ақылбеков. Айта кету керек, Тараздағы, Жамбыл және Байзақ аудандарының елді мекендерінде су басу қаупінің алдын алу үшін Талас өзеніндегі жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеуіне байланысты орындалмады. Оның жалпы ұзындығы 25,4 шақырымды құрайды. Брифинг барысында аталған жағалуды жөндеу жұмыстары «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасына енгізілгені айтылды.