Жаңалықтар

«7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленеді

«7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленеді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев «7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленетінін айтты деп хабарлайды Жамбылинфо. Мысалы, аталған бағдарлама бойынша 20 жылға 20 пайыздық ипотека алсаңыз, несиені алғашқы 10 жыл бойына 12 пайызбен, ал қалған 10 жылында 20 пайызбен төлеу керек болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Вице-министр ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында аталған жоба аясында ипотеканы кредиттеу мерзімі – 240 айға дейін (20 жыл) екенін айтқан. Алайда несиенің пайыздық мөлшерлемесін ішінара субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі 10 жылдан аспауы керек. «Яғни, несие алушы ипотеканы 19 жылға рәсімдеген жағдайда квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау 10 жылға рәсімделіп, қалған уақытын несие алушы ипотека бойынша толық пайызбен төлейтін болады. Квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау аяқталған соң (10 жылдан соң), қарыз алушы екінші деңгейлі банктердің өз бағдарламалары бойынша қарыз алушының ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруына жол беріледі. Қарыз алушы ЕДБ-ға несиені қайта қаржыландыру туралы өтініш берген жағдайда, оның өтініші ЕДБ-ның ішкі рәсімдеріне сәйкес қаралатын болады», - деп жазады Еркебұлан Дауылбаев. Еске сала кетейік, министрлік жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттарын «Ашық НҚА» порталында жариялап, көпшілік талқысына ұсынған болатын. Вице-министрдің мәліметі бойынша, бұйрық жобасы бүгінде Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің келісімін алмаған. «Алдағы уақытта жоғарыда атап өткен министрліктер келісімін берген жағдайда, бұйрық жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қаржыландыруынан соң өтініштер азаматтардан қабылданатын болады», - дейді министрдің орынбасары.