Жаңалықтар

«АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АҢЫЗ». ТАРАЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АҢЫЗ». ТАРАЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Тараз қаласындағы  Б. Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназиясының бірлесуімен Б. Момышұлының 112 және Ә. Нұршайықовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Б. Момышұлы мен Ә. Нұршайықов: ақиқатқа айналған аңыз» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Аталмыш іс-шараға даңқты қолбасшы, қарымды қаламгер Б. Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл, ZOOM платформасы арқылы филология ғылымдарының докторы, профессор, «Абайтанушы» Мекемтас Мырзахметұлы, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Мамытбек Қалдыбай, Шымкент қаласы шеберлік орталығының қызметкері, Бауыржантанушы Абай Қалшабек, жазушы, драматург, энциклопедист Елен Әлімжан, мәдениет бөлімі мен білім бөлімі басқармаларының өкілдері, мектеп мұғалімдері мен орталығымыздың қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қатысты. Конференцияның басты мақсаты - екі тұлғаның арасындағы шығармашылық байланысты ХХІ ғасырдың көгінде тұрып, бүгінгі күн тұрғысында саралау . Талқыланған тақырыптың барысында: ⚜️ Ә. Нұршайықовтың « Ақиқат пен аңыз» роман-диалог желісіне арқау болған Б. Момышұлының өмірі мен шығармашылығын батырдың төл туындылары мен естеліктерін талдау; ⚜️ Екі тұлғаның арасында орнаған шығармашылық, бауырмалдық қарым-қатынасты жас ұрпаққа үлгі ету; ⚜️ Б. Момышұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты қалтарыста қалған беймәлім қырларын кеңірек ашу; ⚜️ Ә. Нұршайықовтың роман-диалогында сомдалған батыр бейнесіне сипаттама беру; ⚜️ Сондай-ақ, қаламгердің шығармашылық ізденісі мен лабораториясына қатысты пікір алысу. Конференцияны «Балалар жылы» бағдарламасы аясында Б. Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназиясы оқушыларының хоры салтанатты түрде ашып берді. Тарих факультетінің 2 курс студенті Сәт Қуантай Бауыржан атамызға арнаған өзінің авторлық жүрекжарды толғауын домбыраның әуеніне салып орындаған болса, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының магистрі Әлімбай Аманбайұлы Найзабаев Ә. Нұршайықовтың шығармасына арнап, бірнеше жылдар бұрын жазған өлеңін оқыды. Сондай-ақ, Б. Момынқұл ағамыз өз тарапынан Бауыржан атамыздың 30 томдық кітаптар жинағын Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне ресми түрде табыстады.