Жаңалықтар

Ақмолада 34 жастағы тұрғыннан 5 келіден астам марихуана тәркіленді

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ақмола облысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау дерегін анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жедел іс-шаралар барысында Жақсы ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын 34 жастағы тұрғын ұсталды. Күдіктінің үйін тінту кезінде өсімдік тектес есірткі – марихуана табылып, тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттың жалпы салмағы 5 келіден асты, бұл заңнама бойынша аса ірі мөлшер болып есептеледі.

Қазіргі уақытта есірткінің шығу тегі мен оны сақтау мақсаты анықталып жатыр. Полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруде.

Құқық қорғау органдары есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.