АҚШ-тың жаңа тарифі Қазақстан экспортына қалай әсер етеді
- авторБақытжан Бекболат
- 8 шілде, 2025
- 386

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Малайзиядан әкелінетін барлық тауарға 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ал Оңтүстік Африка Республикасынан келетін импортқа – 30%, Вьетнам, Лаос және Мьянмадан жеткізілетін тауарларға – 40% көлемінде баж салығы белгіленбек.
Бұл туралы Трамп аталған елдердің басшыларына жолдаған бірдей мәтіндегі хаттарында хабарлап, оларды TRUTH Social әлеуметтік желісінде жариялады.
«Сізге осы хатты жіберу мен үшін үлкен құрмет, өйткені бұл біздің сауда қарым-қатынасымыздың беріктігін және сіздің ұлы еліңізбен айтарлықтай сауда тапшылығына қарамастан, Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға дайын екенін көрсетеді», – делінген Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында.
Сонымен қатар, хабарламада көрсетілгендей, АҚШ аумағында өндірілетін тауарларға бұл шектеу қолданылмайды.
"Егер сіз қандай да бір себептермен тарифтерді енгізуге бел бусаңыз, оларды қандай деңгейде орнатсаңыз да, бұл сан біздің 25 пайызға қосылады. Бұл тарифтер сауда кедергілерін болдырмау үшін қажет екенін түсінулеріңізді сұраймыз. Сауда теңгерімінің бұзылуы экономикамызға және шын мәнінде ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қауіп төндіреді!" - делінген Трамп жазған хаттың соңында.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында бірқатар елдерге, оның ішінде Қазақстанға да импорттық баж салығы енгізілетінін жариялады. Аталған елдер тізімінде Ресей жоқ.