Жаңалықтар

Қаңтар айындағы ҰБТ: Бес талапкер 139 балл жинады, 98-і аудиториядан шығарылды

Қаңтар айындағы ҰБТ: Бес талапкер 139 балл жинады, 98-і аудиториядан шығарылды

Қаңтар айындағы ҰБТ-ны 123 мың адам тапсырды. Олардың 102 мыңы шекті 50 балды жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қаңтар айындағы тестілеуді 123 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың ішінде ЖОО-ға шартты негізде қабылданғандар, шығармашылықтан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер бар. Талапкерлердің 95 мыңы (77%) қазақ тілінде, 28 мыңы (23%) орыс тілінде, 91 адам ағылшын тілінде тапсырды. Қаңтар тестілеуіне ерекше оқу қажеттіліктері бар 274 бала қатысты», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде. Тестілеу қорытындысы бойынша 102 мыңға жуық талапкер шекті балл (50) жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 83%-ын құрайды. Ал 21 мыңнан астамы (17%) шекті балл жинай алмады. «Жалпы ҰБТ орташа балы 76 балды құрады. Ең жоғары балл – 139, оған Қазақстан бойынша 5 талапкер қол жеткізген. ҰБТ аяқталған соң, постмониторинг жүргізіледі, 31 желтоқсонға дейін барлық бейнежазбаға талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, сертификат жойылады», - деп ескертті спикер. Сондай-ақ, «Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 98 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Сондай-ақ, 62 адам тыйым салынған заттарды кіргізбекші болған, олар да ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде. Оның айтуынша, ҰБТ штаттық режимде және еш форс мажорсыз өткен. Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасымен ұйымдастырылады. «Тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысы мен қозғалысын жазу үшін алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмау үшін қажет. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қабылданған шаралар арқасында қаңтар ҰБТ-ның қорытындылары бойынша бөгде адамдарды кіргізуге тырысу фактісі анықталған жоқ. Естеріңізге сала кетсем, 2022 жылы барлық 5 тестілеу қорытындысы бойынша тек 1 факті тіркелген еді. Талапкерлердің таңдауына келсек, көш басында математика-физика комбинациясы (19,2%) тұр, одан кейін 18,6% - биология-химия, 10,2% - шығармашылық және 10% - жаңадан қосылған математика-информатика комбинациясын тапсырған.