Абай облысында 3 өрт сөндірушіні күйік шалды, олардың бірі көз жұмды
Абай облысында 3 өрт сөндірушіні күйік шалды, олардың бірі көз жұмды
Абай облысында табиғи өртті сөндіру кезінде 3 өрт сөндіруші күйік жарақатын алып, олардың бірі ауруханада көз жұмды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Мәлім етілгендей, 7 қыркүйек күні сағат 13.35-те «112» кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілген. «Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер дереу жалынмен күреске кірісті. Өрт сөндіру автоцистернасы отты сөндіру үшін су жеткізіп жүрген Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының КамАЗ (12 текше метр) көлігінен су алып жатқан еді. Осы кезде жел бағыты өзгеріп, лаулаған от автоцистернаға қарай жылжыды. Техниканы эвакуациялау жолдарының барлығы жан-жағынан отқа оранып кетті. Биіктігі екі метр қарағаш ағаштары жанып жатты. Өрт сөндірушілер өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кірісті. Автоцистерна мен су тасымалдайтын КамАЗ көлігі толығымен жанып кетті. Салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Сәлімжан түрлі дәрежеде күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жеткізілді», - делінген министрлік хабарламасында. Сержант Айдос Тоғызбаев ауруханада көз жұмған. Ол қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды. Жасы 36-да болған. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Артында әйелі мен 5 баласы қалды. «Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Айдос өз ісінің маманы ретінде әріптестердің есінде мәңгі қалады. ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді. Абай облыстық ТЖД психологтары өрт сөндірушінің туыстарына көмек көрсетіп жатыр», - деді министрліктен. Жалын 500 га аумақты шарпыған. Тілсіз жау 8 қыркүйек күні сағат 5.40-та сөндірілді. «Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде өртке қарсы және құтқару қызметтерінің 65 қызметкері қаза болды», - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен. Дереккөз: http://inform.kz