Жаңалықтар

Адам құқықтарын қорғау маңызды

Адам құқықтарын қорғау маңызды

– Өткен жылы бүкілхалықтық референдумда Конституцияға өзгерістер енгізіліп, үлкен саяси реформалар жасалды. Оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы арнайы Конституциялық заң енгізілді. Бұл өзгерістер Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысына қалай әсер етті? Қандай жетістіктер бар?

– Конституциялық заңның қабылдануымен 2022 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттіктерінің кеңеюімен Уәкіл аппаратының штат саны ұлғайтылып, республика бойынша өңірлік өкілдіктер ашылды.

Бұл ең алдымен, Уәкілге өз құқықтарын қорғау үшін жүгінген, әсіресе ауылдық аймақтарда тұратын азаматтарға қажет. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінушілер саны еселеп артты. Өткен жылы 3874 өтініш түсті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе дерлік көп. Биыл жыл басынан бері 1767 өтініш түскен.

Ал, Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкіліне ағымдағы жылдың 6 айында 121 өтініш түсті. Аталған кезеңде 88 азамат жеке қабылдауда болды.

Конституциялық заңды жүзеге асыру барысында шағымдарды қарау, ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу тәртібін егжей-тегжейлі сипаттайтын бірқатар заңға тәуелді актілер қабылданды.

Өткен жылы Уәкіл жанындағы ұлттық превентивтік тетігі жабық мекемелерде 505 алдын алу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 3183 ұсыныс берілді. Өңірдегі өкілдер медициналық-әлеуметтік мекемелерге 91 рет барды. Нәтижесінде 460 ұсыныс енгізілді.

Уәкіл аппаратының тікелей қатысуымен адам құқықтары саласындағы жоспарларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бұйрығымен құқық қорғаушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Құқық қорғаушылардың қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін мерзімді кездесулер өткізіледі.

Халықаралық қызмет саласында Түркі мемлекеттерінің омбудсмендері қауымдастығының құрылуы маңызды оқиға болды.

Қазіргі уақытта Адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттардың жаһандық индексі жүйесінде Уәкілдің тәуелсіздік мәртебесін жақсарту бойынша жұмыс жүргізілуде.

– Жақында Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтетін түзетулер мамыр айының соңынан бастап күшіне енетінін хабарлады. Бұл отбасындағы ұрып-соғу мәселесін шешуге көмектеседі деп ойлайсыз ба?

– Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қабылдап жатқан шараларға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі шешілмей келеді.

Был 30 маусымда Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы саладағы кешенді профилактикалық жұмыс бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін тағы да атап өтті.

Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, 2018-2022 жылдары ауыр және аса ауыр қылмыстардың өсуі байқалады. Бұл ретте әйелдерге қатысты ауыр қылмыстардың өсімі 153 пайызды, ал аса ауыр қылмыстар бойынша 20 пайызды құрады.

Тұрмыстық жағдайда әйелдерді өлтіру саны өсуде. 2017 жылы – 39 болса, яғни 44,8 пайыз, 2021 жылы 103-ке, яғни 73 пайызға артқан.

Бес жыл ішінде жәбірленушінің қайтыс болуына әкеп соққан 441 денсаулығына ауыр зиян келтіру жағдайы орын алған, оның 224-і әйелдерге қатысты. Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру бойынша 1,5 мың фактінің 1,2 мыңы әйелдерге қатысты жасалған.

«Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметінше, соңғы тоғыз айда елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі екі есеге жуық өскен. Жыл сайын туыстарынан немесе жақын адамдарынан зорлық көрген 70 мыңға жуық әйел телефон арқылы дағдарыс орталықтарына жүгінеді.

Біздің ойымызша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесін тиімді шешуге кедергі келтіретін факторлар төмендегідей. Қоғамдағы зорлық-зомбылықпен күресудің кешенді стратегиясының және ведомствоаралық үйлестірудің болмауы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын анықтаудың, оларға жедел ден қоюдың және оларға жан-жақты көмек көрсетудің тиімді тетігінің болмауы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қолданылып жүрген шаралардың тиімсіздігі яғни, қорғау нұсқамасы қайталанатын зорлық-зомбылықтан тиімді қорғауды қамтамасыз етпейді, жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін агрессордан физикалық тұрғыдан қорғалмайды, оны үйден шығару қазіргі уақытта оның басқа тұрғын үйі болған жағдайда ғана мүмкін болады, дағдарыс орталықтарының, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың үйлестірілмеген қызметі.

Елімізде 41 дағдарыс орталығы бар болса, оның 14-і мемлекеттік. Олардың қызметі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту және қайта әлеуметтендіру бойынша қызмет көрсетуге бағытталған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге қойылатын талаптар бірдей.

Дегенмен, іс жүзінде мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымдарға тең емес жағдайлар қойылған. Мемлекеттік орталықтар зорлық-зомбылық құрбандарын полицияға зорлық-зомбылық туралы арыз бергеннен кейін ғана қабылдайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны оқиға туралы хабарламаса, ол мемлекеттік орталықтардың қызметтерін пайдалана алмайды.

Агрессорлармен жұмыс істеу үшін кешенді оңалту бағдарламасының болмауы (психологиялық курстар, нашақорлық пен алкоголизмнен емдеу, жұмысқа орналастыру және т.б.).

Мысалы, АҚШ-та тұрмыстық зорлық-зомбылық агрессорды бірден алты айға қамауға алуды талап етеді. Бірақ егер агрессор алты ай ішінде «ашуын басқару» бойынша психологиялық курстардан өтуге келіссе, қамауға алу тоқтатылуы мүмкін. Бұл баламаның артықшылығы агрессордың қоғамнан оқшауланбауы, жұмысынан және табысынан айырылмауында. Бірақ, агрессорды осы агрессияны басқару бағдарламасынан өтуге ынталандыру үшін жазаның пропорционалды және сөзсіз болуы маңызды. Әйтпесе, еліміздегідей отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазбаша ескерту ғана берілсе, агрессор оңалту курстарынан өтуге ынталы болмайды.

Мәселенің түбіріне үңілсек, әйелдердің күйеуіне материалдық тәуелділігін алдыңғы қатарда көреміз.

Жағдайлардың кез келгенінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны әйел болып шығады және көп жағдайда балалары бар әйелдер.

Нақты өмірлік жағдайда агрессияға ұшыраған әйел полицияға арызданған жағдайда күйеуіне айыппұл салынса, отбасы зардап шегеді, егер ол әкімшілік қамауға алынса, немесе бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаға кесілсе, ол жұмысынан айырылады тағы да отбасы зардап шегеді. Сондықтан әйелдер көп жағдайда зорлық-зомбылықтан зардап шексе де шыдауға мәжбүр, тек төтенше жағдайда ғана өзін қорғау үшін полицияға жүгінеді.

Бұл мәселелердiң шешімі, бiрiншi кезекте әйелдің материалдық тәуелсіздігін қалыптастыру үшін жағдайлар жасау қажет, яғни қоғамдағы гендерлiк теңдiктi қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу кезінде бiрдей талап, бірдей жалақы.

Сонымен қатар, гендерлiк теңдiктi мектептен бастап насихаттау қажет.

– Құлдық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау және тағы басқа көптеген мәселелер Қазақстанда жылдар бойы талқыланып келеді. Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау неге ұзаққа созылатындығын айта аласыз ба?

– Әрбір түзету азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қозғайды және оны назардан тыс қалдыруға болмайды, заң жобасын әзірлеу және қабылдау тәртібінің өзі көлемді және көп уақытты қажет ететін жұмыс.

Қазіргі уақытта заң шығару процесі екі параллель құрамдас бөліктен тұрады, яғни заң шығару процесін жоспарлау және заң жобаларының өзін әзірлеу.

Заң жобалау жұмыстарының жоспары заң шығару процесін анықтайтын негізгі құжат болып табылады, ол жыл бойы жүзеге асырылады.

2021 жылғы норма шығармашылық қызметті жетілдіруге бағытталған соңғы түзетулерді ескере отырып, заң жобасын әзірлеу проблемалық мәселелер мен тәуекелдерді зерделеуді, нормативтік-құқықтық саясаттың консультативтік құжатын әзірлеуді, оны мүдделі тұлғалармен, оның ішінде азаматтармен талқылауды қамтиды. Мемлекеттік органдар, ескертулер болған жағдайда оны қайта қарау жүзеге асырылады. Одан әрі жоба Парламентке жан-жақты қарау және талқылау үшін жіберіледі.

– Әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстардың тағы бірі – бұл неке қию мақсатында қыздар мен әйелдерді ұрлау жағдайы. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз?

– Қалыңдық алып қашу тек біздің елде ғана емес, Орталық Азия аймағындағы мемлекеттерде де жиі кездесетін құбылыс. Көбінесе бұл фактілер зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, тіпті өзін-өзі өлтіру сияқты басқа да жағымсыз салдарға әкеп соғады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан 2023 жылдың төрт айы аралығында Қазақстанда әйелдерді ұрлау фактілері бойынша барлығы 214 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 202 құқық бұзушылық қылмыстың болмауына байланысты тоқтатылса, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар 10 іс сотқа жолданды, 2 іс аталған органда өндірісте.

Көбінесе бұл қылмыстар еліміздің оңтүстік өңірлерінде жасалады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы болмағандықтан, некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау бойынша нақты статистикалық деректер жоқ. Кінәлілер Қылмыстық кодекстің 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша сотталады. Қалыңдық алып қашудың жасырын болуы және әйелдерге хабарлауға мүмкіндік бермейтін қалыптасқан ұлттық көзқарастар мен стереотиптерге байланысты бұл қылмыстарды ашуды одан әрі қиындатады. Көп жағдайда кінәлілер мен жәбірленушілер мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін білмейді.

Біздің ойымызша, бұл мәселені шешудің тиімді тәсілі, біріншіден, заңнамалық өзгерістер қажет.

Қылмыстық кодекстің 125-бабына осы әрекетті ішінара қылмыстық жауапкершілікке тартуға, сондай-ақ, қылмыстың осы түрі бойынша нақты статистиканы жүргізуге мүмкіндік беретін «неке қию мақсатында адамды ұрлау» квалификациялық белгісін қосу арқылы өзгертулер енгізу, жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыскерді қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабының ескертпесін алып тастау (бұл жөнінде БҰҰ-ның әйелдерді кемсітудің барлық нысандарды жою жөніндегі Комитеті Қазақстанға ұсыным берген), заңгерлік көмек туралы заңнамаға ұрлаудан зардап шеккендерге адвокаттармен тегін қызмет көрсетуіне қатысты өзгерістер енгізу, мәжбүрлеп неке қиюға және қыз алып қашуға байланысты түскен шағымдардың саны туралы, сондай-ақ тергеу, сот істері, сотталғандар мен жазалар туралы мәліметтердің жүйелі жинағын құру.

Екіншісі – ақпараттық түсіндіру жұмысы. Бұл мәселені білім беру ұйымдарының бағдарламасына енгізу арқылы халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыру бойынша шаралар қабылдау, діни жоралғы жасайтын орындардағы түсіндіру жұмыстарына дін өкілдерін тартуға, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, мәжбүрлі некеге тұрудың әйелдердің денсаулығы мен әл-ауқатына, білім алуына теріс салдарын түсіндіру үшін Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктерді осындай іс-шараларды өткізуге тарту қажет.

Сұхбаттасқан Жүрсінгүл ЖАҚЫП.