АЭС - баламасы жоқ энергия көзі
Мұндай пікірді Жамбыл облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева білдірді
Оның айтуынша, қазіргі уақытта атом электр энергиясы - баламасы жоқ энергия көзі. Сондықтан қазақстандықтар 6 қазанда өтетін Референдумға белсене қатысып, дұрыс таңдау жасауы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Қазір елімізде жақын арада болатын референдум тақырыбы өзекті. Онда Атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бүкіл базалық дәлелдемелер бойынша ғалымдар мен ядролық энергетик мамандар АЭС-тің экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және геосаяси бірнеше артықшылықтары болатынын айтуда. «АЭС бізге не береді?» деген сауалдарымызға да тұжырымды жауаптар алдық. АЭС ең болмағанда, мемлекетімізді энергетикалық тәуелділіктен құтқарады. Парниктік газ шығарындыларын азайтады, яғни, экология талаптары қалыпқа келмек. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар, экономикамыздың бұрынғыдан да қарыштап дамуына мүмкіндік туғызады екен.
Сала мамандары Атом электр стансасы энергияның неғұрлым таза көздерінің бірі екеніне кепілдік беруде. Мысалы, қазіргі көмір стансаларының жұмысы кезінде едәуір мөлшерде ластаушы заттар шығарылады. Олар жыл сайын 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығара алады. Бұдан басқа, көмір жағу салдарынан 300 мың тоннадан астам күл пайда болады, оның құрамында мышьяк, кадмий, қорғасын және сынап сияқты 400 тоннаға жуық улы металдар болады. Мұның бәрі онкологиялық ауруларға дейін ауыр ауруларды тудырады.
Ал Атом электр стансасы күкірт оксидтерін, азот оксидтерін, күлді немесе көмірқышқыл газын шығармайтын көрінеді. Олар күл шығармайды, бұл оларды ластаушы заттар шығарындылары тұрғысынан таза етеді.
Менің өзім секілді, замандастарымды да станса жұмысынан пайда болатын қалдықтардың жай-күйі алаңдатқан. Ғалымдар мен білікті мамандардың айтуынша, қуаты 1 гигаватт болатын атом электр стансасынан шамамен 50 текше метр пайдаланылған радиоактивті отын түзіледі екен. Ал бұл, осындай қуаттағы жылына 200-300 мың тоннаны құрайтын көмір стансасының қалдық мөлшерімен салыстырғанда жер мен көктей айырма.
Уранды пайдалану ауқымына да түсінік алдық. 60 жыл ішінде АҚШ-тың бүкіл атом энергетикасы бір үлкен супермаркет көлемінде қалдық отын щығарады. Мұны бірнеше гектар жерді алып жатқан біздің жылу электр орталығының күл үйінділерімен салыстырыңыз. Атом электр стансасында пайдаланылған отын олардың типі мен технологияларына байланысты не сақталуы, не қайта өңделуі мүмкін. Бұл ретте, пайдаланылған ядролық отын қалдық болып саналмайды, өйткені оны энергия көзі ретінде қайта пайдалануға болады дейді ғалымдар. Оны жүзеге асыратын технология елімізде қазірдің өзінде бар, және олардың жаңа түрлері де дамып келеді дейді олар.
Мен жаңарған республикамызда бәрі әділ әрі адал болғанын қалаймын. АЭС- елімізге берер пайдасының зор екеніне сенгім келеді – дейді ол.