жексенбі, 24 қараша, 2024 4:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

АЛҚАБИЛЕР АЛҒАН АСУ

АЛҚАБИЛЕР АЛҒАН АСУ
ашық дереккөзі
АЛҚАБИЛЕР АЛҒАН АСУ
«Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы №121 Заңы (әрі-қарай - Заң) елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылып келеді. Он бес жылдық тарихы бар Заңға 4 рет өзгерістер пен толықтырулар енгізіліп, уақыттың талабымен жаңартылған. Алқабилер сотының құрамында кімдер бола алады? Соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы. Алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптар, олардың құқықтық мәртебесі, құқықтары мен міндеттері «Алқабилер туралы» Заңның аясында айқындалды. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне: алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған; өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар; сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар; судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi; психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен: қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар; өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар; алпыс бес жастан асқан адамдар; дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады. Еліміздегі сот билігінде алқабилер институтының 15 жылдағы рөлі қандай болды? 2006 жылдың 16 қаңтарындағы №122 Заңға сәйкес, 2014 жылға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі «Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу» деп аталатын жаңа бөліммен толықтырылды. Бастапқы жылдарда облыстық және оған теңестiрiлген сотта алқабилердің қатысуымен сот екi судьяның және тоғыз алқабидің құрамында әрекет етті. Қазіргі уақытта, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл құрам өзгеріп, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді. Соңғы 5 жылда республика бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, алқабилердің қатысуымен 226 қылмыстық іс қаралған. Алқабилердің қатысуымен іс кімнің бастамасымен қаралуға жатады және жалпы тәртіп қандай? Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексінің (әрі-қарай - ҚПК) 14-бөлімінде қылмыстық істер бойынша алқабилердің қатысуымен іс жүргізудің аясы айқындалған. Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi осы бөлiмде көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайды. Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, оның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi. Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды. Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс. Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бiрыңғай және қосалқы (жылдық) тiзiмдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi. Бiр сол адам сот отырыстарына алқаби ретiнде жылына бiр реттен артық қатыса алмайды. Қылмыстық iстi қарауға қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейiн олардың тегi, аты, әкесiнiң аты және үйінің мекенжайлары көрсетiле отырып, алдын ала тiзiм жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды. Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабиге кандидаттарға сот талқылауы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетiлген хабарлама табыс етіледі. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi. Заңдағы жаңашылдық қандай? Құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша 2021 жылғы 27 желтоқсандағы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан кейін, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қатысатын соттың соттылығы ҚК-тің 13-тен 32-ге дейінгі қылмыс құрамына айтарлықтай көбейді. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚПК-тің 631-бабының бірінші және екінші бөліктері жаңа редакцияда қолданысқа енгізілді. Алқабилер қатысатын сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі – қарай - ҚК) 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы, сондай-ақ төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істерді, сондай-ақ 125 (үшінші бөлігінде), 128 (төртінші бөлігінде), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қарайды. Егер адам ҚК-нің бiрнеше бабында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына ҚК-нің 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы, сондай-ақ төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстың ең болмағанда біреуі кірсе, айыпталушының өз ісін, сондай-ақ 125 (үшінші бөлігінде), 128 (төртінші бөлігінде), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді алқабилер қатысатын сотқа қаратуға құқығы бар. Сонымен қатар, алқабилер сотының тағы бір жаңалығы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №175-VII Заңының аясында болмақ. Заңның аясындағы басты жаңашылдық – ҚПК-тің 308-бабының 2-бөлігінің жаңа редакцияда ұсынылуы болып табылады. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген аса ауыр қылмыстар туралы, 116 (екінші және үшінші бөліктерінде), 146 (екінші және үшінші бөліктерінде), 249 (екінші бөлігінде), 317 (төртінші бөлігінде), 335 (төртінші бөлігінде), 337 (төртінші және алтыншы бөліктерінде), 345 (төртінші бөлігінде), 345-1 (төртінші бөлігінде), 346 (бесінші және алтыншы бөліктерінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады. Бұл жаңашылдық осы институттың одан әрі дамуына, алқабилердің қарауына берілетін істер санатының кеңеюіне, сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы алқабилердің қатысуымен қаралуы мүмкін істердің санына болжам жасалып, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың жүктемесі көбеюі мүмкін деген тұжырыммен бірқатар кадр мәселелері мен сот залдарын заманауи технологиялармен жабдықтау шаралар атқарылды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьяларының штат саны көбейтіліп, алқабилердің қатысуымен сот отырыстарын өткізетін 3 зал жабдықталып, сотқа келушілерге арналған орындар дайындалды. Тиісінше, 2023 жылға облыс әкімдігінің тарапынан алқабиге кандидаттардың тізіміне шамамен 8000 азаматқа дейінгі тізім ұсынылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен (2022 жылы – 4000 кандидат) салыстырғанда екі есеге ұлғайды. Сондай-ақ, алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің ерекшеліктері мен оның тәртібі туралы судьялардың, сот қызметкерлерінің, өзге де органдардың өкілдерімен семинарлық сабақтар мен өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды. Алқабилер соты соттың әділ өтуіне ықпалын тигізе отырып, қоғамның күмәнді көзқарасын өзгертеді. Бұл институт халықаралық стандарттарға жақын, іске қатысушылардың құқықтық жағынан барынша қорғалуына, сот жүйесінің одан әрі дамуына әсер етеді. Әділетті Қазақстанның «әділеттілік» қағидатының бір айнасы алқабилер сотынан көрінеді.

И.Б.АЛИМКУЛОВА, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыру – талдау бөлімінің бас маманы, заң ғылымдарының магистрі

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар