дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 3:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Алғыс арқалаған абзал жандар

Алғыс арқалаған абзал жандар
ашық дереккөз
Облыс дәрігерлері жаңа медициналық технологияларды игеруде және креативті шешімдер қабылдауда көш бастап келеді. Жақында жамбылдық мамандар жұлын артериясының созылмалы қабынуына сәтті ота жасады.

Омыртқалы артерияның созылмалы қабынуы (окклюзиясы) – миды қамтамасыз ететін омыртқалы артериялардың біреуінің немесе екеуінің де толық қабаттасуы болатын жағдай. Ауруды дәрі-дәрмекпен емдеу көбінесе тиімсіз. 

– 58 жастағы науқас бас айналуы, орташа бас ауруы, қан қысымының жоғарылауы, құлақтың шуылына шағымданып, қалалық көпбейінді ауруханаға келді. Науқас жақ омыртқа артериясының v2 сегментінің созылмалы окклюзиясы, v1 сегментінің сыни стенозы, сол жақ омыртқа артериясының v3-4 сегментінің сыни стеноз-диссекциясы, оң омыртқа артериясының гипоплазиясы диагнозымен жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылды.Толық тексерістен кейін инсульт пен басқа асқынулардың жоғары қаупін ескере отырып, нефросклероз, артериялардың диссекциясы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, аурудың табиғи ағымында тұрақты жүктемемен жүректің жұмысы аясында хирургиялық ота жасау керек болды. Отаны нейрохирург Еркебұлан Меркібеков пен ассистенті Қаһар Нұрлан жасады. Мамандармен рентгенэндоваскулярлық ангиопластика, сол жақ омыртқа артериясының V1-4 сегменттерін стенттеу жүргізіледі. Стент – бұл сымды ұяшықтардан тұратын, арнайы баллонмен кеңейтілетін жіңішке металды түтікше. Оны  зақымдалған тамырға енгізе отырып кеңейтіп, тамыр қабырғасымен беттестіріп, тамыр саңылауын кеңейтеді, – дейді қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-диагностикалық орталықтың бас дәрігері Хамит Мұрзақасымов.

Сонымен қатар жақында тараздық дәрігерлер 15 жастағы пациенттің құрсақ қуысынан бес литр сұйықтыққа толы көпіршікті алып тастады. Анасы қызының ішінің бір жыл ішінде едәуір өсіп, ісініп кеткенін байқапты. Сондай-ақ жасөспірімнің іш аймағы да ауырып мазалапты. Дегенмен олар гинекологтың кеңесіне де жүгінбеген және жамбас мүшелерінің динамикалық ультра дыбыстық зерттеуінен де өтпеген. Тексеру деректерін ескере келе, гинеколог-дәрігерлер – Жәмила Мұсаева мен Гауһар Мәмбетова жедел түрде хирургиялық емдеу жүргізу туралы шешім қабылдаған. 

– Операция техникалық асқынусыз барлық талаптарды ескере отырып жасалды. Ұзақ уақыттық хирургиялық тәсілден соң аналық бездің сау тінінің жоқтығын ескеріп, оң жақтағы цистома жойылды. Бірер сағатта өз-өзіне келген жас қыз өзін мазалаған дерттен құтқарған дәрігерлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді. 

Аналық без кистасы – қуыс құрылымы бар және сұйық немесе жартылай сұйық затпен толтырылған қатерсіз ісік. Ісіктердің түрлері өте көп. Кейбірі өздері ериді, ал басқалары хирургиялық емдеуді қажет етеді. Көбінесе кішкентай кисталар ешқандай жолмен көрінбейді, тек профилактикалық тексерулерде ғана диагноз қойылады. Кисталардың пайда болуының алдын алу үшін гормоналды фонды бақылап, сәтсіздікке жол бермеу ұсынылады. Ауызша контрацептивтерді дәрігердің нұсқауы бойынша ғана қабылдап, етеккір циклінің тұрақты болуын қамтамасыз ету керек, – деген дәрігер-гинеколог Жәмила Мұсаева барлық әйелдер уақытылы емделіп, жылына кемінде 1 рет гинеколог дәрігерге барып, профилактикалық мақсатта ультрадыбыстық зерттеу жүргізгені абзал екенін жеткізді.

Сондай-ақ облыстық көпбейінді аурухананың базасында Алматы қалалық кардиологиялық орталығының эндоваскулярлық хирургі, жоғары санатты дәрігері Бауыржан Орманов «Кеуде аортасының төмендеу бөліміне стент-графт имплантациялау» бойынша шеберлік сыныбы шеңберінде тәжірибе алмасу бағытында ота жасады. 

Науқас – 1967 жылы туған Сарысу ауданының тұрғыны. Оған кеуде қолқасының жоғары және төмен түсетін бөлігінің қабыршақтайтын аневризмасы диагнозы қойылған. Пациенттің сөзіне қарағанда, жедел ауырсыну белгілері бірнеше сағат ішінде тез басталған. Сондай-ақ оның жүректің ишемиялық ауруымен ауыратыны белгілі болды. Дегенмен білікті дәрігерлердің шипалы қолдарының арқасында кеуде аортасының төмендеу бөліміне стент-графт имплантациясы жасалып, яғни жасанды дене қондырылып, пациенттің қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік жасалды. Операция сәтті өтті. Отадан кейін науқас өзін жақсы сезінетінін айтып, дәрігерлерге алғысын айтты. Қолқаны стенттеу арқылы аневризманы емдеудің артықшылығы – науқастың аз жарақаттануы және стационарда қысқа уақыт болуы, отадан кейін тез қалпына келуі, тыртықтардың болмауы.

Әлемде жалпы біз естімеген ауру түрлері көп. Солардың бірі – мойа-мойа.Мойа-мойа – ми тамырларының сирек кездесетін созылмалы прогрессивті ауруы. Ол ішкі ұйқы тамырлары интракраниальді сегменттерінің  және алдыңғы және ортаңғы ми артерияларының окклюзияға дейінгі бастапқы бөліктерінің баяу тарылуымен сипатталады.

Аурудың айқын ерекшелігі – ангиограммаларда жеңіл тұман әсерін тудыратын мидың негізінде коллатеральді тамырлар желісінің қалыптасуы. Дәл осы белгі 1969 жылы ауруға заманауи атау берді. Жапон тілінен аударғанда «мойа-мойа» деген «түтін клубы» дегенді білдіреді. Бұл цереброваскулярлық ауруларға жатады, қазіргі уақытта оны емдеудің жалғыз әдісі – хирургиялық тәсіл.53 жастағы пациент 2014 жылы, одан кейін 2024 жылдың қаңтары мен сәуірінде цереброваскулярлық апатқа ұшыраған. Қатты мазасызданған соң жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырған оның қан қысымы 140/90, жүрек соғу жиілігі минутына 82 соққы, қандағы қант 12,5 ммоль/л, қанықтылық 94 пайызды көрсеткен. Шұғыл түрде науқас Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізіледі. Мидың компьютерлік томографиясы көрсеткендей, мидың сол жақ маңдай бөлігінде ишемия, мидың сол жақ жарты шарының желке бөлігінде субакуталық кезең анықталған. Жағдайдың ауырлығы бойынша ол инсульт орталығына жатқызылады. Онда 10 күн бойы цереброваскулярлық ақауымен, сол жақ ортаңғы ми артериясы бассейнінде қайталанатын ишемиялық инсульт диагнозымен емделеді. Сондай-ақ одан орташа дәрежедегі оң жақ гемипарез, оң жақтағы гемигипестезия, жеңіл дизартрия түріндегі асқынулар байқалады. Науқасқа қосымша тексеру жүргізіліп, ми мен мойын тамырларының КТ ангиографиясы кезінде контрастпен мойа-мойа ауруы анықталады. Жоспарлы түрде жасалған ота сәтті өтеді. 

Қалалық көпсалалы аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әйтімбетов, тамыр нейрохирургі Еркебұлан Меркібеков, ассистент Алмас Құралбаевтың жасаған отасы жеңіл өтіп, бүгінде науқас үйіне шығарылған. 

Жақында оған қосымша тағы да екінші операция жасалды. Оң жақ беткі уақытша артерияның париетальді тармағы мен оң ортаңғы ми артериясының М4 сегменті арасындағы экстра-интракраниальді микроанастомоз диагнозына жасалды. Бұл отаны жоғары деңгейде жасаған дәрігерлер алдағы уақытта науқастың хирургиялық емдеуді қажет етпейтіндігін және қантамырлардың қысылуын болдырмау үшін арнайы ем түрлерін қабылдап тұратындығын айтты. Осылайша ұзақ жылдар бойы өзін мазалаған дерттен құтқарған дәрігерлерге алғыс айтқан пациенттің жағдайы тұрақталып, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасының бақылауына жіберіліпті.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар