Алдағы қысқа көмір қорымен қамтамасыз ету 71% орындалды – министрлік
Алдағы қысқа көмір қорымен қамтамасыз ету 71% орындалды – министрлік
Алдағы қысқа халық пен кәсіпорындарды көмір қорымен қамтамасыз ету 71% орындалды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жалғастырып жатыр Күнделікті жергілікті атқарушы органдардың, көмір өндіруші компаниялар мен «Қазақстан темір жолы» ҰК« АҚ өкілдерінің қатысуымен жиындар өткізіліп, халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізіледі. Ведомство мәліметінше, елімізде 2022-2023 жылдарға көмірге деген қажеттілік шамамен 9,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,6 млн тонна, тұрғындарға – 7 млн тонна. «2022 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін қажеттілік жоспарына қатысты көмір қорымен қамтамасыз ету 71% құрады. Жалпы, бүгінде разрездерде көмір қоры жеткілікті мөлшерде және өндіру жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Разрездердегі көмірдің бағасы өткен жылғы деңгейде қалды. Халықты қажетті деңгейде көмірмен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтеміртранс» АҚ-да вагондар паркін ұлғайту және көрші мемлекеттерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен әкетуді шектеу бойынша қосымша шаралар қарастырылған», - деді министрліктен. Көмір өндіруші компаниялардың жедел деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір (көмір концентратын қоспағанда) өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106% құрайды (2021 жылдың 7 ай үшін 62,8 млн тонна). Ірі көмір компаниялары бөлінісінде «Шұбаркөл көмір», «Восточный», «Майкөбе-Вест» және «Қаражыра» разрездерінде өндіріс өсімі байқалады.