Алматы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы атанды
- авторБақытжан Бекболат
- 30 қыркүйек, 2025
- 313
Әзербайжанның Гянджа қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынға Әзербайжанның жастар және спорт министрі Фарид Гаибов, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан спорт ведомстволарының басшылары және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Кеңес қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалған хаттамаға қол қойылды. Бұған қоса, ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2024 жылғы шешімі негізінде Алматы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы атанды.

«Алматы спорт астанасы мәртебесін мәртебесін лайықты атқаруға дайын. Қалада дамыған спорттық инфрақұрылым, халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесі және бұқаралық спорттың орнықты дәстүрі бар. Қазіргі таңда Алматыда 3 000-нан астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде көпсалалы «Алматы Арена», «Халық Арена» кешендері және халықаралық деңгейдегі «Сұңқар» шаңғы трамплиндері бар», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.
«ТМД спорт астаналары» бағдарламасы аясында халықаралық форумдар, жарыстар, жастарға арналған және инклюзивті бастамалар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, спорттық шараларды өткізу және салааралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, 28 қыркүйек – 8 қазан аралығында Әзербайжанда ТМД-ның III Ойындары өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы 18 спорт түрі бойынша сынға түсуде, оның ішінде 16 олимпиадалық және 2 олимпиадалық емес бағыт бар.





