«Алматы-Ақтөбе» пойызында толғағы қысқан әйелді жолсерік босандырып алды
«Алматы-Ақтөбе» пойызында толғағы қысқан әйелді жолсерік босандырып алды
7 қаңтарда Ақтөбе бағыты бойынша жүрген жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді. Толғағы басталған әйел жолсеріктің көмегімен аман есен босанған. Жас ана Айнагүл Тілеубергенова Тоғыз станциясынан Ақтөбе қаласына дейін №33 «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызымен жолға шыққан. Пойыз бригадасының қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес пойыз машинисін хабардар етіп, жедел жәрдемді жақын маңдағы Жем станциясына шақырды. Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажетті көмек көрсетті. Сағат 14:27 минутта сәби дүниеге келген. Жем станциясына келгеннен кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.
Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған. Айта кетейік, жолсеріктердің көмегімен соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 11-ге жуық сәби дүниеге келді.