Жаңалықтар
Алматыда биік үйдің терезесін жуған жігіт әлеуметтік желі жұлдызына айналды
- авторjambylinfo.kz
- 19 шілде, 2023
- 281
Алматыда биік үйдің терезесін жуған жігіт әлеуметтік желі жұлдызына айналды
Әлеуметтік желілерде терезе жуған жігіттің бейне ролигі млн қаралым жинады. Жұмыс барысында бала мен қарияға көңіл бөлген Біржан Омармен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі хабарласты деп хабарлайды Jambylinfo.kz .
Мен 2013 жылдан бері осы салада қызмет істеп келемін. 10 жылдың ішінде қиындықтар мен қызықты сәттер көп болды. Қазіргі уақытта қарамағымда 3-4 жігіт жұмыс істейді. Барлығымыздың еңбек етіп, нан тауып отырған жұмысымыз. Көбісі «Қиын емес пе? Жоғарыдан төменге қараған сәтте қорықпайсыз ба?» деп жатады. Бастапқы кезде қиын болды, дегенмен уақыт өте келе, тәжірибе жинап, халықтың сеніміне ие болдық. Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтанамыз. Іске кіріспес бұрын барлығын сайлап аламыз, - дейді Біржан Омар.Жас жігіттің батылдығына блогер Дана Есеева тәнті болып, өз парақшасына бөліскен. Сондай-ақ “Жақсы адамдармен табысайықшы” деген жазба қалдырған. Бейнеролик бір миллион қаралым жинап, мыңдаған адам пікір қалдырған.
Жігіттің терезе жуып жүргенін көрген балам оның қасына барды. Жұмысына қызыққан болуы керек. Баланың көңілін қимаған жігіт онымен терезенің артында ойын ойнап, алайда қауіпсіздік үшін алшақ тұруын ескертті. Бұл жәйтті мен телефоныма түсіріп үлгердім. Балам да мейірімді жігітке үйдегі шелпекті ұсынды. Жігітпен сөйлесе келе, оның альпинист екенін ұғындым. Үйден шықпай-ақ жақсы адамды кездестірдік. Мен ол жігітті костюмсіз өрмекші адам деп айтар едім. Бүгінгі күннің батырлары деп осындай жігіттерді айту керек, - дейді блогер Дана Есеева.Көпшіліктің ықыласына бөленген жігіт осыған дейін терезе жанында тұрған баланың өміріне де араша түскен.
Жұмыс барысында балалар терезе маңында жүреді. Сол себептен балаларды қорғау - менің міндетім. Жұмыс кезінде балалармен ойын ойнаймын, көңілдерін көтеру мақсатында қолдан келгенін жасаймын. Кейде үйінде жалғыз қалатын балаларды да байқаймын. Олар мені көріп, мен оларды көріп қуанамын, - дейді Біржан Омар.Біржан - Жамбыл облысының тумасы. Оның жасы 27-де. Қазіргі уақытта ол еліміздің әр өңірінде жұмыс істейді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз