Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді - Мемлекет басшысы
Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді - Мемлекет басшысы
Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қала жұртшылығымен кездесуде айтты. «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды», - деді Мемлекет басшысы. Қ.Тоқаев атап өткендей, азаматтардың өмір сапасы суға тікелей байланысты. «Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға байланысты. Сондықтан, сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек. Мен Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын айттым. Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, тұрғын-үй құрылысына айрықша мән беріледі», - деді ҚР Президенті.