Жаңалықтар

Алтын құрсақты аналар марапатталды

Алтын құрсақты аналар марапатталды

  Бала үшін қашан да ананың орны бөлек. Ана - отбасының ұйытқысы, берекесі. Шындығында, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Баланы баптау мен тәрбиелеу ана ғана емес, адамзат үшін жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан да алтын құрсақты аналарға алтын мен күмістен алқа тағып, құрметтеудің артықтығы жоқ. Бүгін Шу ауданындағы алтын құрсақты аналар құрметке бөленді. Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев Республика күні қарсаңында көпбалалы аналармен арнайы кездесіп, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толған бірқатар жастарға жеке куәліктерін салтанатты түрде тапсырды. - Биыл Шу ауданында 1465 нәресте дүниеге келген.  Соңғы 12 жыл ішінде көпбалалы аналардың қатары көбейген.  930 ана «Алтын алқаға», 1178 ана «Күміс алқаға» ие болған. Бұл статистика алдағы уақытта да арта беретіні анық. Еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз! Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол. Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін, - деді аудан басшысы Сәкен Қаланұлы. Өз кезегінде аналар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер, мемлекеттік гранттар және жұмысқа орналастыру секілді әлеуметтік қолдаулар үшін алғысын жеткізді. Көпбалалы аналар қашанда құрметке де, қолдауға да лайық.