бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 12:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ғалымды кімдер даярлайды?

Ғалымды кімдер даярлайды?
ашық дереккөзі
Ғалымды кімдер даярлайды?
Біз әрдайым ғылымның дамуы жөнінде жазамыз, айтамыз. Бірақ көбіміз мәселенің түп-тамырына тереңдемейді екенбіз. Елімізге бәсекеге қабілетті, әлеуеті жоғары ғалымдар керек екені сөзсіз. Алайда олар өздігінен қалыптаспайды ғой. Оларды білім берудің белгілі бір сатысында оқытып шығарады. Қазақ «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Ғалымдар мықты болуы үшін олардың үйретушісі, оқытушысы, жетекшісі мықты болуы керек қой. Сонымен ғылыми кадрларды кімдер даярлап жүр? Зерттеушілерді былай қойғанда, олардың ғылыми жетекшісінің қарымы қандай? Бәрінен бұрын мемлекет олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасады ма?  
Жалақың қанша, жетекші? Бәріміз білетіндей, елімізде ғылыми кадр­лар жоғары оқу орындарында, яғни докторантурада даярланады. Ал болашақ ғалымдардың сол жоғары оқу орын­дарындағы ғылыми жетекшісі – әдетте оқытушылар. Нарық заманында маман­дықтың беделі жалақымен және сол сала мамандарының қоғамдағы рөлімен баға­ланады. Әуелі еңбекақы мәселесіне тоқ­талайық. Себебі мықты мамандар еңбегін лайықты бағалайтын жерге барады. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруды тапсырып, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді ынталандыру шаралары қарастырылғанын атап өтті. «Бірақ іс жүзінде жоғары оқу ор­ны оқытушысының жалақысы мұға­лім­нің жалақысынан аз болып қал­ды. Осы­ған орай Үкімет жоғары оқу орны оқы­тушыларының еңбекақысын көбей­ту мәселесін қарастыруы керек», деді Пре­зидент Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің 2020 жылы мамырда өткен отырысында. Қ.Тоқаев аталған мәселені грант құ­нын арттыру есебінен көбейту керек еке­нін айтты. Елімізде жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының құны 2011 жылдан бері өспеген еді. «Әрине, бұл қосымша инвес­тицияны талап етеді. Осыған орай білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін кө­бейту туралы шешім қабылдадық, яғни грант құны үш есеге артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-ке­зең­мен арттырып, университеттердің ма­териалдық базасын нығайтуға болады», деді Мемлекет басшысы. Келесі айда осы тапсырмаға 1 жыл болады. Мәселе қалай шешіліп жатыр? Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, аталған ведомствоға тікелей бағы­нышты ЖОО оқытушыларының жа­лақысы 2019 жылы 20%-ға артыпты. Президенттің тапсырмасынан кейін, яғни 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ға ұлғайтылған. Алайда бұл жеткілікті ме? Оқытушылар еңбекақысы көтерілмей тұрғанда қанша алатын еді? Мемлекеттік, тіпті ұлттық деңгейлі университет педа­гогтерінің ішінде 70-80 мың теңгеге жұ­мыс істейтіндер болған. Басым бөлігі 100 мың теңгенің айналасында жалақы алып жүрді. Біз бұған журналистік са­уалдамадан, әлеуметтік желілерде жазған оқытушылардың жазбасынан, сондай-ақ осы мәселеге қатысты министрлік, уни­вер­ситеттердің ұйымдастыруымен өткі­зілген ақпараттық жиындардан көз жет­кіздік. Сонда орта есеппен 100 мың теңге ала­тын педагогтің еңбекақысы 2019 жылы 120 мың теңге, 2020 жылы 144 мың теңге болды. Бұл қаншалықты жеткілікті? Шә­кір­тіне беделімен, жоғары білімі мен бі­лігіне сай жоғары жалақысымен үлгі болуға да мүмкіндігі болмайды. Өйткені болмашы еңбекақыны бір айдан келесі айға жеткізудің проблемасымен бас қа­тырып жүреді. Ал қаржылық құрсауда, эко­номикалық бұғауда жүрген жанның жан-тәнімен жұмыс істеуі екіталай. Иә, көбейтілгеннің өзінде алатын ЖОО оқытушыларының жалақысын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жеткіліксіз деп отыр. «Қабылданған шараларға қарамастан, жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл рет­те болған жалақы базасының тө­мен болуына байланысты, тіпті жалақы­ны 20-40%-ға ұлғайту шаралары да жет­кіліксіз болып отыр. Мәселен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау уни­верситетінде – 105 мың теңге, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриялық университетінде – 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық. Кей­бір ЖОО оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөл­шерін негізге алған. Ал лауазымдық жа­лақы мөлшері оқытушылардың түрлі қо­сым­ша ақыларды қоса алғандағы нақ­ты жалақысынан төмен екенін айта кеткен жөн. Басқа жоғары оқу орындары жа­ла­қыны педагогикалық жүктемені көбейту ар­қылы арттырды. Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті. Осыған бай­ланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ақпан айында өткен кеңесте Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен талқылап, бұйрыққа қол қойып, онда екі норманы бекіттік», деді А.Аймағамбетов. Алғашқы норма бойынша алдағы қыр­күйектен бастап штаттағы оқыту­шылар үшін ең төменгі жалақы мөлшерін бел­гілеу көзделмек. Яғни Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағы­нышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына – кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауым­дастырылған профессор – 260 мың тең­ге, профессор 350 мың теңге (ұлттық жо­ға­ры оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс. Бұдан бөлек, әрбір ЖОО оқы­ту­шылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін бел­гілеп, төлей алады. Бірақ жоғарыда көр­сетілген сома – жалақының ең төменгі мөлшері сақталуға міндетті. Екіншіден, педагогикалық жүктеменің ең жоғары көлемі 1 ставка үшін 680 са­ғат­тан асырылмайды. Дегенмен педа­гогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) сағат санын белгіленген 680 сағатқа дейін жеткізу міндеттелмейді. Алайда оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары бо­латын жоғары оқу орындары сағат санын 680 сағатқа дейін төмендетуі керек.   Оқу орны мүдделі болмаса Расымен оқытушылар беделінің көте­рілуіне, жалақысының арттырылуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, кәсіби дамуына оқу орны мүдделі болмаса, бәрі бекер. Мәжбүрлегеннен іс өнбейді. Манаш Қозыбаев атындағы Сол­­түстік Қазақстан университетінің рек­торы Ерлан Шұланов аталған нормалар оқытушылардың ғылыми кадрларды даяр­­лауына жағдай жасайтынын жеткізді. «2019 жылы біздің университеттегі оқытушылардың орташа жалақысы 1 ставкаға 80 мың теңге болды. Мұндай жағдайда білімнің, ғылыми жұ­мыстың сапасы, жастармен жұмысқа ынталандыру жөнінде қалай әңгіме айтуға болады? Сондықтан министрліктің ең төменгі жалақы мөлшерін белгілегені өте орынды. Айталық, 80 мың теңге еңбекақы бірден 200 мың теңгеге артты. Бұл әсіресе жалақы көлемі төмен өңірлік ЖОО-ға тиімді. Ал оқытушының сағат санын 680-нен асырмау талабы олардың ғылыммен ай­на­лысуы­на, сапалы ғылыми кадрларды даярлауына септігін тигізеді. Көп адам бұл мәселені бұрын-ақ шешуге болатын еді деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде бәрі соншалықты оңай болған жоқ. Жалақыны көтермес бұрын алдын ала жоспар жасалып, белгілі бір алғышарттары анықталады. Мәселен, грант құны 2020 жылы 350-400 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті. Содан соң университеттердің коммерциялық емес АҚ нысанына өтуін қамтамасыз ету де ЖОО-ға өз табыстарын сақтауға және алғашқы қажеттіліктерге жұмсауға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ ғылыми зерттеу­лер­ге бөлінетін қаржы көлемін арттыру да жалақыны өсіруге жағдай жасайды», деді Е.Шұланов. Ақиқатында еңбектің еленуі, жала­қының жоғарылағаны жақсы ғой, деген­мен ынталандыру сыйақыларының орны – бір бөлек. Бұл біраз бұрын ескерілген. Білім және ғылым министрінің 2015 жыл­ғы бұйрығымен «ЖОО үздік оқы­ту­­шысы» атағы берілетін болды. Жыл сайын өткізілетін конкурстың нәти­жесінде жеңімпаздар 5 млн 834 мың тең­геден сыйақы алады. Биыл аталған кон­курс алғаш рет онлайн форматта өтті. Мұндай марапат оқытушыларды ынта­­ландырып, шығармашылық тұр­ғыда дамуына мүмкіндік беретіні сөз­сіз. Биылғы конкурстың жеңімпазы, фило­логия ғылымының кандидаты, қа­уым­дастырылған профессор Ұлбосын Есен­бекованың ойы да соған саяды. «Еліміздегі ғалымдардың ең үздіктерін анықтап, оларға жоғары құрмет көрсету – мем­лекет саясатының жарқын көрінісі. Биыл­ғы «Жоғары оқу орнының Үздік оқы­тушысы» байқауы тұңғыш рет ақ­парат­тық жүйенің көмегімен өткізілді. Бұл байқаудың әділ, объективті өтуіне ықпал етті. Ғалым­дардың ғылыми еңбектерін бағалау кри­терийлері жаңартылды, басымдықтар дұрыс анықталды. Жылдан- жылға мем­лекеттің де, қоғамның да ғы­лымға деген көзқарасы жақсарып, қолдауы күшейіп келеді. Ғалымдар қоғам­дастығы мұндай саясатты жақсы сезініп отыр. Меніңше, қазақ ғалымдары цифр­лы технологиялар, жасанды ин­тел­лект, кванттық компьютер сияқты құбылыстарды зерттеп, болжап, нақты ұсыныстар дайындағаны дұрыс. Осы бағыттағы ғылыми-зерттеулерге ерекше көңіл бөлінуі – уақыт талабы екені анық. Ал бұл байқау ғалымдардың шабытын оятып, жаңа зерттеулер туғызады деп сенемін», дейді Ұ.Есенбекова.
 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар