Жаңалықтар

«Анамды сағындым, үйге қайтқым келеді» дейді қателігін түсінген арнаулы мектеп оқушылары

Жамбыл облысы әкімдігінің балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінде 41 бала тәрбиеленуде

Арнаулы мектеп тәрбиеленушілерінің 19-ы ер, 21-і қыз бала,– деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Балалардың жай-күйімен танысуға Jambylinfo.kz. сайтының тілшіcі арнайы барып қайтты. «Бүгінгі таңда аталмыш орталықтағы жасөспірімдерді тәрбиелеу мақсатында 60 адам еңбек етуде.  Мінезі ауыр балаларға өмірдің ара жігін ажыратуға атсалысқан 9 тәрбиеші тер төгіп жүр. 

Жасөспірімдермен тілдесу барысында олардың өміріндегі қиындықтардың соңы түрлі қателікке итермелегенінің куәсі болдық. Бірі жоқшылықтан ұрлық жасаса, енді бірі айқау-шуы мен кикілжіңі таусылмайтын ата-анасынан, өгей әкесінің қатігездігінен, олардың ішімдігінен шаршаған. Мұндағылардың көбі мектепке бармай, түн қатып, көше кезіп жүріп бұзақылыққа бой алдырған. 

Светаны теріс жолға түсірген жоқшылық болса, Алинаны жолынан адастырған молшылық сияқты. Алина ішкені алдында, ішпегені артында бір үйдің жалғыз қызы. Әке-шешесі жұмысқа кеткенде үйде іші пысып, көшеге шығып ең алғаш 7 жасында темекінің дәмін татқан. Артынша достары сыра ішкізіп, желім иіскеуді үйреткен. Ата-анасы кішкентай қызының теріс қылығын біліп қойса да, дауыс көтеріп ұрыспаған. Керісінше, түсіністік танытып, қайталамауын ғана өтінген. Алайда іс насырға шауып, қыз араққа салынған.

Ал Гүлзат сурет салғанды ұнатқанын, дизайнер болуды армандағанын айтады. Алайда анасы оны басқа оқу орнына түсірген. Қыз арманы аяқ асты болғанына арланып, сабаққа бармай,  үйінен қашып, көше кезіп кеткен. Сөйтіп жүріп қателікке бой алдырған» 

Сүрініп кетіп, бүлініп кеткен тағдырларын таразыға салып үлгірген жасөспірімдер алдағы уақытта қателік жасамауға, түзелуге уәде берді.