ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ЕГУДІҢ ҚЫР-СЫРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ
ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ЕГУДІҢ ҚЫР-СЫРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ
Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласына баса назар аудару керек екенін айтқан еді. Ал күні кеше ауданымызда Меркі қант зауыты мен Шу ауданы әкімдігінің қолдауымен қант қызылшасын өсіру мен одан табыс табуға қатысты оқыту семинары бастау алды. Тәтті түбірден көл-көсір табыс табудың жолын көрсететін оқытуға ауданымыздағы қант қызылшасын егуге ниетті шаруалар, халық қалаулылары, ауыл әкімдері және көрші ауданның шаруа қожалық иелері қатысуда. Сондай-ақ, Меркі қант зауытының директоры Н.Қарғабаев та семинарға қатысып, өз білгенімен бөлісті. Семинар барысында білікті мамандар, қант қызылшасынан алынған өнім көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген шаруалар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қызылша егудің қалтарыс-бұлтарыстарын, одан табыс табудың тиімді жолдарын атап өтті. Біздің мақсатымыз – осы. Яғни, аудан тұрғындарына қант қызылшасынан түсетін табыстың және бұл бағытқа мемлекет тарапынан қолдаудың үлкен болып отырғанын түсіндіру. Ең маңыздысы - тұрғындар тәтті түбірдің стратегиялық маңызы зор шикізат екенін және бұл өнімге сұраныстың жоғары екенін білуі қажет. Айта кету керек, аталған оқу семинары ауданымызда 4 ай бойы жалғасатын болады. Осы аралықта шаруалар қант қызылшасын өсіру бойынша 12 сабаққа қатысып, біліктіліктерін арттырып, тың ақпараттарға қол жеткізбек. Сондай-ақ, дәл осы бағытта үлкен көрсеткіштерге қол жеткізген шаруалармен еркін форматта сұрақ-жауап алмасады. Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде отандық қызылша тұқымы шаруашылығын оңтайландыруды арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы ретте қант қызылшасын өсіруге ерекше назар аударыла бастады. Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал қант қызылшасының үлесі – 270 млн тонна. Дүниежүзілік қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн тонна, қант қызылшасынан 33 млн тонна (25,2%) қант шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн тонна, Үндістан – 19,9 млн тонна, Қытай – 9,7 млн тонна, АҚШ 2,2 млн тонна өндіреді. Ал қант қызылшасынан АҚШ – 4,6 млн тонна, Германия – 4,3 млн тонна, Франция – 4,2 млн тонна, Ресей – 2,3 млн тонна, Польша – 2,0 млн тонна, Түркия мен Украина 1,9 млн тонна қант алады деуге болады. Енді Қазақстандағы қант қызылшасын өндірудің қазіргі жағдайына тоқталар болсақ, соңғы жылдары еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты республиканың ауылшаруашылығында, соның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму тенденциясына талдау жасасақ, Қазақстанның АӨК-нің (агроөнеркәсіп кешені) әрі қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне және қант зауыты төңірегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру есебінен инновацияны енгізуге, тең дәрежеде ыңғайлы жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға байланысты екенін көруге болады. Қант қызылшасын өсіру – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық басты бағыттың бірі. Республикада қант қызылшасын өсірген жылдардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Соның арқасында өнімділік жағынан ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2 349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы: Киров (5,2 мың гектардан) және Талдықорған (9,2 мың гектардан) тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алды. Бірақ 2004-2014 жылдар аралығында елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды. Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Республиканың табиғи-климаттық жағдайы бұл дақылды Алматы облысының 9 ауданында (Алакөл, Ақсу, Шеңгелді (Қапшағай қаласы), Ескелді, Кербұлақ, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талдықорған қаласы), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) өсіруде және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының шаруашылықтары да оған қызығушылық танытуда. Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлім жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді. Сонымен қатар жобада Солтүстік пен Орталық Қазақстан (Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары) жағдайында да отандық және шетелдік жаңа будандарға экологиялық сұрып сынағын жүргізудің мүмкіндігі де қарастырылмақ. Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл – қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі. Өкінішке қарай, тұқым өндірісі жағынан біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95%-ды құраса, ал отандық өнімнің үлесі бар болғаны – 5% ғана. Яғни елімізде бұл дақыл тұқымның өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады. Бұған қоса көптеген аймақтарда себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі шағын цех салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ. Осыған байланысты отандық ғалымдар өзіміздің селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын алу үшін аталған жобаны қолға алып, іске кірісті. Қант қызылшасы тұқымдық материалының сапасы оны өндеу жағдайымен тікелей байланысты. Ерекше атап айтатын жайт, Алматы облысында қант қызылшасын өсіру қайтадан қарқынды түрде өріс алуы қуантады. 2015 жылы қант қызылшасының алқабы 4 020 гектарға жетіп, 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Көптен бері тоқтап тұрған Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылды. Барлық қажетті ауқымды істер атқарылды. «Хильниченко және К» серіктестігінің қызылшашылары орта есеппен әр гектардан 730 центнерден алды, ал кейбір учаскелерінде өнім 810 центнерге дейін жеткен. Облыста 2021 жылы қант қызылшасының егістігі 21 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2020 жылы 380 центнерден алынды. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандардың бастапқы компоненттерін көбейту. Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС-да жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жекеменшік әріптестері – «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС-мен және «Жылыбұлақ» ЖШС-мен бірлесе отырып, отандық қант қызылшасы тұқымының үлесін 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы қажеттіліктің 50%-на жеткізуді, отандық өндірісті егістік сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ақсу, Айшолпан, Тараз, Шекер, Памяти Абугалиева атты қазақстандық қант қызылшасы будандарын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады. Мемлекеттің қант қызылшасы кешенін дамытудағы негізгі экономикалық рөлі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған талаптар негізіндегі кеңейтілген жұмыстарға институционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасы егіс алқабын және қант қызылшасы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда, осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Қазақстан Республикасында өнімділігі, сапасы жоғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы өнімділікті арттырып, қант өңдеу инфражүйесінің (қосымша жұмыс орындарын құру, т.б) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз. Ортаға салып отырған бұл ойлар, пікірлер, ұсыныстар – еліміздің ертеңі үшін. Осы айтылғандарды жұдырықтай жұмылып іске асыра білсек, дәулет пен берекенің берік негізін қалайтынымыз анық. Демек сөз бен істің бірлігі үйлесімін тапса, алынбайтын асу жоқ. Бүгінгі семинарда да білікті мамандарға түрлі сауалдар қойылды. Одан бөлек, шаруалар Меркі қант зауытының басшылығына Шу қаласынан қызылша қабылдау пунктін ашу туралы ұсыныстарын да жеткізді. Бұның барлығын бүге-шүгесіне дейін жазып отырған себебіміз – қант қызылшасы алқаптарын молайту мен тәтті түбірді молынан себу үшін аудандағы жер жағдайының жеткілікті екенін түсіндіру болатын. Қызылшаның тамыры суды көп қажет ететін дақылдарға жататындықтан, өңірдегі су ресурсы да жеткілікті екенін айта кету керек. Оның үстіне егіс алқабына бұрынғыдай суды жайып жіберіп, ысырап қылудың да еш қажеті жоқ. Қазіргі кезде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиялары арқылы суды үнемдеп пайдалануға әбден болады. Сол себепті де қант қызылшасын егуге бетбұрыс жасауға шақырамыз.