Apple карталарда Мексика шығанағының атауы өзгеріп кетті

Америкалық Apple корпорациясы өздерінің Maps картографиялық сервисінде Мексика шығанағының атауын Америкалық шығанақ деп өзгерткенін Bloomberg хабарлады
Бұл жаңарту 11 ақпаннан бастап қолжетімді болды, енді АҚШ аумағындағы iPhone, iPad және Mac пайдаланушылары шығанақты жаңа атаумен көре алады. Алдағы уақытта бұл өзгеріс бүкіл әлем бойынша қолданушыларға әсер етуі мүмкін, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұған дейін осындай қадамды Google компаниясы да жасаған болатын, бұл өз кезегінде Мексика үкіметінің наразылығын тудырды. Ел билігі корпорацияға ресми хат жолдап, АҚШ президенті Дональд Трамптың шығанақтың атауын өзгерту туралы жарлығы тек АҚШ-тың аумақтық суларына ғана қатысты екенін, бірақ халықаралық карталарға әсер етпеуі керектігін мәлімдеді.
Айта кетейік, 21 қаңтарда Дональд Трамп Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы деп өзгерту және Денали тау шыңына оның бұрынғы атауы – Мак-Кинли атауын қайтару туралы жарлыққа қол қойған болатын.