Жаңалықтар

Қарапайым халық әлеуеті басты назарда

Қарапайым халық әлеуеті басты назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын үлкен қызығушылықпен танысып шықтым. Президент Жолдауында қабылданған реформалар көптің көңілінен шыққандығы айтпаса да түсінікті. Бас құжатта бірқатар өзекті проблемалардың басы қайырылып, жаңа бастамалар жария етілді. Осы орайда, ең алдымен назар аудартқаны – ғылымға айрықша көңіл бөлінуі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», - деп айтты. Ендеше, ғылым осы керектерге қол жеткізуде таусылмайтын баспалдақ іспетті. Ғылым дамыған мемлекеттің ғана азаматтары өркениет көшіне ілесе алары анық. Жолдауда «ғылым» сөзінің тоғыз рет қайталануы да сәйкестік емес деп білемін. Оның үстіне, жаңа заң әзірленіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл – ғылым саласын дамыту мықтап қолға алынғанын білдіреді. Президент пәрменімен бес министрліктің құрылуын да жақсылыққа жоруымыз қажет-ақ. Бұл – хәкім Абай айтқандай, бас басына би болған өңкей қиқымның әрекеті емес. Керісінше, тұралап қалған сан саланы гүлдендіру мақсатында қабылданған шешім деп түйсінуіміз қажет. Жасыратыны жоқ, дәл қазір су мәселесі де, көлік мәселесі де көптің көкейінде жүр. Осы тұрғыда жаңадан құрылған министрліктер оңтайлы шешім тауып, жұртшылықтың сенімін ақтайды деген сенім мол. Ал, Отбасы банктің жұмысын қайта қарау уақыт талабы. Әрбір азамат «өз үйім – өлең төсегім» деп алаңсыз жатқысы келеді-ақ. Ол үшін мемлекет өз азаматтарына жағдай жасауы тиіс. Міне, Мемлекет басшысы осы себепті аталған банктің жұмысын жүйелеуді меңзеп отыр. Бұйырса, алдағы уақытта ел азаматтары үшін баспаналы болу жеңілдейді деп үміттенеміз. Жолдау көкейде жүрген көп сұраққа жауап берді. Мемлекеттің дамуына септігін тигізетін бірнеше жаңа бағыт анықталды. Әрине, Жолдауда қамтылған бүкіл мәселені шағын пікірмен талқылау мүмкін емес. Алдағы уақытта оны түсіндіру жұмыстары жүйелі түр­де жалғасады. Мемлекеттің дамуы Прези­денттің Жол­дауындағы сөз бен орындау­шы­лардың ісіне жалғасса ғана қарқын­дайтынын естен шығармайық. Сондықтан біз қоғам болып жұмылып, тапсырмалардың орындалуына атсалысуымыз қажет. Сонда ғана нақты мақсаттарға қол жеткіземіз. Айналамыз аласапыран болып жатқан кезеңде барлық салада алдыңғы орында болуымыз сіз бен бізге байланысты.