Жаңалықтар

АрМИ-2022 "Артиллериялық атыс шеберлері" байқауы

АрМИ-2022 "Артиллериялық атыс шеберлері" байқауы

"АрМИ-2022" Армия халықаралық ойындары шеңберінде "Артиллериялық атыс шеберлері" байқауының қорытындысы Қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды. Конкурстың үшінші кезеңінде жеңіске жеткен Қазақстан Қарулы Күштерінің артиллерияшылары өз командасын түпкілікті бірінші орынға шығарды.

"Эстафета" кезеңінде Қазақстан командасы трассадағы жарысты 37 минут 43 секунд ішінде бірінші болып аяқтады. Екінші жүлдегер 45 минут 40 секунд нәтижесімен Ресей Федерациясының командасы болды. Әзірбайжан командасы ресейліктерге қарағанда бар болғаны 28 секундқа ұзақ жүрді. Оның уақыты – 46 минут 8 секундты құрады. – Миномет есептоптарының құрамындағы әскери қызметшілер мен олардың жаттықтырушыларының еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасының командасы көшбасшылық позицияны иеленді. Бұл олардың қажырлы еңбегі, – деп түсіндірді қазақстандық команданың басшысы, "Оңтүстік" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының орынбасары - ЗӘжА бастығы полковник Тілек Серікпаев. "Оңтүстік" ӨңҚ Зымыран әскерлері мен артиллериясының бастығы полковник Тілек Серікпаев, -  қару-жарақ пен әскери техниканы дайындаумен айналысқан техникалық команданың жұмысын жоғары бағалап, олардың жеңіске жетудегі зор үлес қосқанын және "Техникасыз біз мұндай нәтижелерге қол жеткізе алмас едік", – деп атап өтті. – Біздің есептоп құрамында бес әскери қызметші бар, біз үйлесімді және сенімді түрде бір жұдырықтай жұмыла жұмыс істедік. Жігіттер өз міндеттерін нақты және қатесіз орындады. Біз бәріміз "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты Шымкент гарнизонындағы механикаландырылған бригадасында қызмет етеміз. Сондықтан біз басынан бастап жұмыс істедік және бір механизм ретінде болдық.- деп қазақстандық команданың бірінші миномет есептобының командирі аға сержант Ғабит Дәулетов өз экипажын мақтан тұтты. Қазақстан командасының жаттықтырушылары "Артиллериялық атыс шеберлері" конкурсына қатысу үшін іріктеуден өткен әрбір әскери қызметшінің қабілеттерін жақсы зерттеді. Қазақстан командасының бірінші миномет есептобы барлық кезеңдерде бірінші орындарды иеленді, ал екінші қазақстандық есептоп тиісінше екінші орындарды иеленді. Осылайша команданың жалпы бірінші орынды жаулап алуына өз үлестерін қосты. - Мен бірінші рет "Артиллериялық оқ ату шеберлері" конкурсына қатысамын, бірақ біздің жаттықтырушы подполковник Арыстановтың, команда басшысы полковник Серікпаевтың көмегімен, сондай-ақ біздің команда жігіттерінің қолдауымен тез меңгеріп, не істеу керектігін және экипаждың үйлесімділігіне қалай қол жеткізу керектігін нақты түсіндім. Біз жеңіске қол жеткіздік. Біздің ұранымыз: "Алға, Қазақстан!», –  деп бөлісті "Астана" өңірлік қолбасшылығына қарасты Қарағанды қаласындағы әскери бөлімінің әскери қызметшісі екінші миномет есептобының командирі сержант Руслан Омаров. "Артиллериялық атыс шеберлері" байқауы бойынша орындар мынадай ретпен бөлінді: бірінші орынды Қазақстан командасы, екінші орынды Ресей құрамасы, ал үшінші орынды Әзірбайжан командасы иеленді. Төртінші орынды Беларусь командасы, бесінші орынды Армения командасы, алтыншы орынды Қырғызстан командасы, жетінші орынды Венесуэла командасы, сегізінші орынды Тәжікстан командасы иеленді. Осы ретпен тізімді Зимбабве командасы аяқтады. Биыл Армия халықаралық ойындары аясында "Артиллериялық атыс шеберлері" байқауы "Гвардейск" полигонында алтыншы рет өтті. Конкурс Қазақстанда алғаш рет 2016 жылы бастау алды және сол уақыттан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Тек 2020 жылы оны пандемия кезінде карантиндік шараларға байланысты алып тастауға тура келді. Өткен жылдары өткізілген барлық бес конкурста жыл сайын миномет есептоптары сайысында бірінші орындарды қазақстандық команда иеленді. Кезекті жеңісіне қол жеткізе отырып, Қазақстан командасы Армия халықаралық ойындары шеңберіндегі "Артиллериялық атыс шеберлері" конкурсында алты дүркін чемпион атанды.