Жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзарды

Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзарды

Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 18 қарашада Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Музейдің экс-басшысын қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзарды. Еске салсақ, 29 мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сот санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалғанын мәлім еткен еді. Антикордың мәліметінше, тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілуде. Бұдан басқа, Арыстабек Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатқаны хабарланған. Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгені құрайды. Қыркүйекте Өнер қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылардың бір тобы Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрады. Хат бас прокурор Берік Асылов пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың атына жолданған.