Қаржы пирамидаларымен күрес: сақтық шаралары мен нәтиже
Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген пәлсапамен алаяқтар елімізде біраз азаматты алдап, қаржысын жымқырып, көз жасына қалуда. Арамзалар оңай ақша табуға ниеттенгендерді қақпанына түсіріп, аңқау халықты алдап-арбау арқылы толағай табысқа кенеліп жатыр. Сорақысы сол, қалта қағудың түрлі тәсілі пайда болды. Соның бірі – қаржы пирамидалары.
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз брифингінде Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен өткен «АФМ Online 2024» конференциясының нәтижесі мен қаржы пирамидаларының заңсыз іс-әрекетіне қарсы күрес жайында айтылды.Тақырып аясында алдымен облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Касимов баяндама жасады. Спикердің айтуынша, өткен жылы департамент тарапынан жәбірленушілердің арыздары бойынша қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс тіркелген. Қаржы пирамидаларының әрекеттерінен облысымызда 200-ден астам азамат зардап шеккен.
– Азаматтарымыздың қаражатын тартып алу үшін алдап-соғып жатқан қаржы пирамидаларымен күресу – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Жыл сайын Қазақстан Республикасында әлеуметтік желілер, оның ішінде интернет-ресурстардағы жарнама, «YouTube» арналары және мессенджерлер арқылы жүздеген адам осы заңсыз әрекетке ұрынады. Өкінішке қарай, осы жылдың 5 айында 3 қылмыстық іс тіркелді. Департамент тарапынан қабылданған шаралардың нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді.
Бүгінде келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда.Мысалы, «Chia Tai Tianqinq Pharmaceutical Group» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді.
Қаржы пирамидасын құру және басшылық ету әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын, және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз. Сонымен қатар қаржы пирамидасын жарнамалау әрекетіне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 217-1-бабы бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Біз азаматтарды қырағы болуға және өз қаражаттарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауына шақырамыз, – деген Руслан Мұратұлы қаржы пирамидаларын тану, дроптарға қарсы тұру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және басқа да өзекті мәселелерге арналған «АФМ Online 2024 » конференциясының қорытындысы жайлы да сөз етті.Ауқымды іс-шараны өткізудегі мақсат – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және блогосферада дұрыс құқықтық ақпараттық цифрлық мәдениетті қалыптастыру.Онлайн режимдегі пікірталасқа еліміздің 35 жоғары оқу орнынан 20 мыңнан астам студент қатысты.
Кездесу барысында спикерлер блогерлермен қызықты кейстерімен бөлісті, өз кезегінде олар аудиториясына әрі қарай жеткізетін маңызды ақпарат алды. Медиа тұлғалар үшін әлеуметтік желілердегі мінез-құлық ережелері және қандай жарнама үшін заңмен жаза қарастырылғаны түсіндірілді.Панельдік сессиялар барысында белгілі блогерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері интернет-гигиена, алаяқтық жобаларды жарнамалағаны үшін жауапкершілік, әлеуметтік желілерде құқыққа қарсы контентті тарату, жастарды құқыққа қарсы қызметке тарту туралы пікір алмасты.
Баяндамашының айтуынша, бүгінгі таңда Қаржылық мониторинг агенттігі интернетте заңсыз мазмұнды контентті іздеуді және бұғаттауды автоматтандырған. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық сайттар мен қаржы пирамидаларының белгілері бар аккаунттар бұғатталған.Сондай-ақ аталған бағыттағы жұмысты жүргізу үшін әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық схемаларға тартылған салымшыларды ерте анықтау жүйесі жолға қойылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда 126 мың жазылушы алаяқтық схемаларды жарнамалайтын аккаунттардан бас тартты.Іс-шара барысында ЖОО студенттері үшін әртүрлі алаяқтық схемалардың алдын алуға негізделген үздік бейнероликке конкурс жарияланды.
Мұнан соң аталған департаменттің аға жедел уәкілі Шерхан Пірімқұл баяндама жасап, алдын алу шаралары туралы хабардар етті. Департамент профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Осы орайда халық көп жиналатын жерлерде және интернет желісінде қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша бейнероликтер орналастырылуда. Одан бөлек жергілікті және республикалық телеарналарда тақырыптық бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Сонымен қатар облыстағы 23 колледж бен 50 мектепте қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқылған.