Жаңалықтар

Ашхабадта Абай ескерткіші салтанатты түрде ашылды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. 

Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты.

Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.

Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар, ойшылдар мен ақындар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды.

Салтанатты жиында «Калкыныш» би тобы қос халықтың арасындағы мәдени байланыстардың терең тамырын танытатын «Түрікмен-қазақ достығы» атты композициясын ұсынды.