Жаңалықтар

Астана әлі де «көк түтінге көміліп» тұр – Әлихан Смайылов

Астана әлі де «көк түтінге көміліп» тұр – Әлихан Смайылов

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов халықты газбен қамтудағы проблемаларды атады. «2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылды. Бұл ретте, Энергетика министрлігінің негізгі міндеті – газды өндіру, қайта өңдеу және өңірге дейін жеткізу. Ал, әкімдіктердің міндеті – осы газды тұтынушыларға дейін жеткізу, қосылу рәсімін қолжетімді, қарапайым және түсінікті ету», - деді Үкімет басшысы. Ол ауылдық елдімекендерден басқа қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар барын еске салды. «Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші Жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «Қазақгаз» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек», - деді Смайылов.