Жаңалықтар

Астана тұрғыны 21 жыл бойы бейтаныс адаммен некеде тұрғанын енді ғана білген

Астана тұрғыны 21 жыл бойы бейтаныс адаммен некеде тұрғанын енді ғана білген

Елорда тұрғыны 2001 жылдан бері бейтаныс азаматпен заңды некеде болғанын енді ғана білген, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық соттың сайтына сілтеме жасап. Әйел бұл мәліметті egov.kz порталы арқылы білген. Бұдан кейін ол жалған некені жою үшін тіркеуші органға жүгінген. Алайда оған некеде тұрған Е.-мен бірге Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органына келіп, екеуі бірге өтініш жазуы қажеттігі туралы айтылған. Ал «жалған күйеу» Е. азаматтық хал актілерін тіркеу органына бірге барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Бұдан әрі әйел Астана қаласының Әділет департаментіне шағыммен жүгінген. Алайда «актілік жазбаның қағаз нұсқасында некеге тұрғандардың қолдары жоқ» деп көрсетілген ұқсас жауап алған. Осыдан кейін талап-арызбен сотқа барған. Ол Астана қаласының әкімшілік сотынан азамат Е.-ні некені тіркеу туралы актілік жазбаның күшін жою туралы тиісті әкімшілік акті қабылдауға мәжбүрлеуді сұраған. «Судья соттың белсенді рөлі қағидатын қолдана отырып және дауды қараудың құқықтық салдарын түсіндіре отырып, тараптармен әңгіме жүргізді. Нәтижесі бойынша келісім бекітілді. Оның шарттарына сәйкес қалалық әкімдік аппараты азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген некені тіркеу туралы актілік жазбаның күшін жою туралы әкімшілік акті қабылдауға міндеттенеді», - делінген сот хабарламасында.