Жаңалықтар

Астанада Alem Tech Fest 2026 фестивалі басталды

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Орталық Азиядағы робототехника, жасанды интеллект және STEM-білім беру саласындағы ең ірі фестиваль – ALEM TECH FEST 2026 салтанатты түрде ашылды. Іс-шара 13 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан 5000-ға жуық оқушы қатысуда. Қатысушылар бірнеше күн бойы инженерлік жобаларын ұсынып, түрлі жарыстар мен білім беру бағдарламаларына қатысады.

Алғашқы күні FIRST LEGO League, FIRST Tech Challenge, RoboCup Soccer, RoboCup Rescue, Physical AI Championship, FPV Simulator Racing, Drone Football, Alem Drone Challenge және AI Drone Challenge бағыттары бойынша сайыстар басталды. Сондай-ақ оқушылар Hour of AI бастамасы арқылы жасанды интеллект негіздерімен танысады және WSO бағыты аясында спутниктік жобалар әзірлейді.

Ашылу салтанатында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев фестивальдің жас ұрпақтың технологияға қызығушылығын арттырудағы маңызын атап өтті.

Фестиваль аясында іріктеу және финалдық кезеңдер, жобалардың таныстырылымдары, білім беру сессиялары өтеді. Ұлттық чемпионат қорытындысы бойынша 50 үздік команда халықаралық жарыстарға жолдама алады. Оның ішінде 14 команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік финалына қатысады, ал 36 команда басқа елдердегі халықаралық кезеңдерде бақ сынайды.

ALEM TECH FEST-тің негізі – Central Asia FIRST Championship. Биылғы маусым тақырыбы – «Археология». Қазақстан бойынша 1200-ден астам команда іріктеу кезеңдеріне қатысып, оның 450-ден астамы ұлттық кезеңге жолдама алды.