Астанада FlyArystan бортында бомба туралы хабарлаған жолаушыға үкім шығарылды

2025 жылдың 20 ақпанында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты әуе кемесінде жанжал шығарып, жарылғыш зат барын мәлімдеген жолаушыға қатысты үкім шығарды.
Ол ҚР ҚК-нің 273-бабы (терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату) және 293-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (әуе көлігінде жасалған бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылды.
Оқиға FlyArystan әуе компаниясының Астана – Өскемен бағыты бойынша рейсі кезінде болған. Мас күйдегі жолаушы әуе бортында өзін агрессивті ұстап, бортсерікті ұрып, кейін тағы бір жолаушыға шабуыл жасап, дене жарақатын салған. Кейіннен ол ұшақта бомба бар деп мәлімдеген.
Бұл ақпарат жалған болып шықты, алайда оның әрекеті салдарынан ұшақ шұғыл қонуға мәжбүр болған. 153 жолаушы эвакуацияланып, қосымша тексеруден өтті, ал авиакомпания мен құқық қорғау органдары айтарлықтай материалдық шығынға ұшырады.
Сот барысында ер адам кінәсін толық мойындады. Прокурор оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, ал қорғаушы тарап жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Сот оның кәмелетке толмаған баласының барын және шын ниетпен өкінгенін ескеріп, бұл жағдайды жеңілдететін мән-жай деп таныды. Алайда мас күйде болғаны жазаны ауырлататын фактор ретінде қарастырылды.
Нәтижесінде, сот жолаушыны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.