Астанада футзалдан Бекзат Саттарханов кубогы басталды

Екі күнге созылатын доп додасында бас-аяғы 16 команда бақ сынайды.
Астана қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында футзалдан Бекзат Саттарханов кубогі бастау алды. Екі күнге созылатын доп додасында бас-аяғы 16 команда бақ сынайды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz turkystan.kz сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деді Президент.
Іс-шараның ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жыл санап елімізде спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Бұл ретте, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай спортпен шұғылданудың мәні мен маңызына тоқталды.
Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға ұлт мақтанышына айналған ұланның анасы Сырлыкүл Саттарханова арнайы келіп, ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Осы орайда, аталған спорт кешенін тұрғызып, турнир ұйымдастырған кәсіпкер, «Beles» бастауыш партия ұйымы мен «Beles» құрылыс компаниясының жетекшісі Махат Төреәлі жаңа нысанда чемпиондар тәрбиелеу ісіне баса мән берілетінін жеткізді.
Аталған турнирде «AMANAT»-тың бастауыш партия ұйымдарына мүше құрылысшылар, механиктер, медицина қызметкерлері, жүргізушілер, тазалық саласының өкілдері сынды түрлі мамандық иелері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, былтыр «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ел аумағында 30 спорт нысаны ашылды. Онда азды-көпті 3,8 мың адам салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдана алады.