Жаңалықтар

Астанада пластикті қайта өңдеп, пайдалы бұйымдар жасайды

Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлімдеді

Елордада пластикті қайта өңдеу қарқынды дамып, қалдықтардан пайдалы заттар өндіріледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Қала кәсіпорындары қайталама шикізаттан орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтар мен абаттандыру элементтерін жасайды.

Қалада жаңа қайта өңдеу кәсіпорындары ашылуда. Солардың бірі полимер-қиыршықтас қоспасынан бақша және саябақ жиһазын, шағын сәулеттік формаларды шығарады. 2020 жылдан бері бұл кәсіпорын шамамен 400 тонна пластикті қайта өңдеп, жылына 5000-нан астам өнім өндіреді.

Сонымен қатар, елордалық мектептерде қоқысты бөлек жинау жүйесі енгізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 40-тан астам оқу орнына заманауи сұрыптау контейнерлері орнатылды. Бұл қайта өңдеу көлемін арттыруға және өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.