Астанада ТМД елдері ІІМ криминалдық бөліністері басшыларының кеңесі өтті

Кеңеске қатысушылар іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне ризашылықтарын білдірді.
Астана қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Ішкі істер министрліктерінің жедел бөліністері басшыларының ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңесі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап
Іс-шараға қатысушылар алдында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов сөз сөйледі. Ол ұйымдасқан қылмысқа ғана емес, жалпы қылмыстың барлық түрлеріне қарсы күресте мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтудың, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және өзекті қауіп-қатерлерге бірлесіп ден қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Кеңес барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросының директоры, полиция генерал-лейтенанты Олег Коновалов, сондай-ақ Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің Ішкі істер министрліктерінің өкілдері баяндама жасап, пікір алмасты.
Жиын аясында заңсыз қару айналымының жолын кесу, жедел ақпаратпен алмасу жүйесін жетілдіру, трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы іс-қимылдың тиімді тәсілдері талқыланды.