Астанадағы ескі вокзал маңында жүк контейнері жарылды
14 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы Гёте көшесінде жарылыс болды
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына жедел құтқару қызметтері дереу жеткен. Өрт тіркелмеген, ал зардап шеккендер жоқ. Тек бір адам жеңіл жарақат алып, оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Қазақстан темір жолы" өкілдерінің хабарлауынша, жарылыс сағат 00:30 шамасында Астана стансасының 12-сұрыптау жолында, жүк контейнерінде орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, контейнер ішінде электр жабдықтары – трансформаторлар мен генераторлар болған. Контейнер жеке компанияға тиесілі екені анықталды.
Қазіргі таңда оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жұмыстары басталды.