Асығыс қарыз алуға шектеу: енді онлайн-кредиттер 8-24 сағаттан кейін ғана беріледі
- авторСадуақас Айсұлу
- 30 қыркүйек, 2025
- 420
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде "шешім қабылдау кезеңі" енгізілетінін еске салады.
Шешім қабылдау кезеңінің басты мақсаты – қарыз алушыға ойлануға уақыт беру арқылы асығыс шешім қабылдау немесе алаяқтардың құрбаны болу тәуекелін төмендету.
Бұл норма Мемлекет басшысы 2025 жылғы 30 маусымда қол қойған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау" туралы заңға енгізілген өзгерістердің бір бөлігі болып табылады.
Аталған заңды іске асыру үшін Агенттік мынадай шешім қабылдау тәртібін бекітті:
150 АЕК (589 800 теңге) пен 255 АЕК (1 002 660 теңге) аралығындағы қарыздар үшін – шарт жасалғаннан кейін кемінде 8 сағат;
255 АЕК-тен жоғары банктік қарыздар және 75 АЕК-тен жоғары микрокредиттер үшін – кемінде 24 сағат;
Ақша қарыз алушыға тек осы кезең өткен соң және оның келісімі алынғаннан кейін ғана аударылады.
Егер қарыз алушы осы уақыт ішінде ойын өзгертіп, қарыздан бас тартса, шарт жойылады, ал ақша аударылмайды.
Шешім қабылдау кезеңі:
тек онлайн-қарыздарға қатысты қолданылады;
тауарлық қарыздарға, ішкі қайта қаржыландыруға, немесе 150 АЕК-ке дейінгі төлем картасы бойынша лимиттерге қолданылмайды;
Бір күнде бірнеше қарыз берілген жағдайда, олардың жиынтық сомасы шектеуден асып кетсе, шешім қабылдау кезеңі міндетті түрде сақталуы тиіс.
Егер қарыз алушыға ақша жедел қажет болса, ол банктің немесе МҚҰ-ның бөлімшесіне тікелей барып, бұл кезеңді айналып өтіп, қарыз рәсімдей алады.





