дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 14:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Асыл тұқымды мал басы артуда

Асыл тұқымды мал басы артуда
ашық дереккөз
Ауыл тұрғындарының тіршілігі төрт түлік малға байланысты. Даланың даналығын бойына сіңірген еңбеккерлерді мал шаруашылығынан бөліп қарау мүмкін емес. Мал шаруашылығын дамытуда ветеринария саласының маңызы орасан. «Медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл осы сөзімізге дәлел. Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз алаңында Талас аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Жарқын Қалмаханов сала бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

Бөлім басшысының айтуынша, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. Сарып (бруцеллез) ауруын анықтау мақсатында аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарларынан қан сынамасы алынып, диагностикалық тексерулер жүргізілгені – маңызды іс. Бірдейлендіру жұмыстары бойынша 10497 мүйізді ірі қара, 136230 уақ мал, 880 жылқы, 395 түйе бірдейленген. Ауданда «iKomek109» диспетчерлік орталығынан және ауылдық округ әкімшіліктерінен келіп түскен өтініштерге сәйкес, 2024 жылы 312 жабайы қаңғыбас ит-мысық ауланған. Аудан аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша күтіп-ұстауға арналған питомник 2024 жылы Қаратау қаласынан соғылып жатыр және аяқталуға жақын.

Ветеринариялық бөлімнің теңгерімінде 14 «НИВА» автокөлігі, 1 «Санг Енг» автокөлігі, 3 ДУК машинасы, 3 «УАЗ», 21 автокөлік бар. Ауылдық округтерде жалпы 110 ветеринариялық маман жұмыс атқарады. Олардың 30-ы жоғары білімді мамандар. Ауданда мал өлекселерін тастайтын КМК-ның теңгерімінде 6 биотермиялық «Беккери» шұңқыры бар. 5 елді мекенде 7 сібір жарасы ошақтарының көмінділері орналасқан. Сібір жарасы көмінділері ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, бетондалған, тақтайшаларда аурудың тіркелген жылы, айы жазылған. Тұрақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліпті. Аудан бойынша 3 мал сою алаңы толық мүмкіндігімен жұмыс істеп тұр.

«Ауданда «Ауыл аманаты» жобасына енген Үшарал ауылдық округінің ірі қара малдарын асылдандыру жолға қойылып келеді. Осы мақсатта Үшарал ауылында – 108, Ойық ауылдық округінде 115 бас қолдан ұрықтандырылып, сапалы төл алынған. Аталған бағыттағы жұмыстар 14 ветеринариялық пункттердің ветеринар мамандарымен өз деңгейінде атқарылуда. Талас ауданында эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ауданда мал басы көбейіп келеді», – деді бөлім басшысы Ж.Қалмаханов.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар