Ата-аналар баласы үшін айыппұл төлейтін болды
Кейінгі онжылдықта ата-ана мен мектеп мұғалімдерін дауластырған бір жайт бар.
Оқушылар білім ордасында еркін смартфон қолданып келгенін, соның кесірінен оқу үлгерімі төмендеп жатқанын айтушылар көп. Ақыры Қазақстан бұл мәселені заңмен реттеуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz inbusiness.kz сілтеме жасап.
Бұдан былай сабақ кезінде смартфон ұстаған оқушылардың ата-анасы немесе қамқоршысы 5 АЕК, яғни 20 мың теңге айыппұл төлейді. "Білім туралы" заңның 47-бабының 10.1-тармағында "сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайды" деп шегелеп жазылған.
Егер оқушы сыныбында телефон қолданып, оны мұғалім байқаса, алдымен жақындарына "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 409-бабы бойынша ескерту айтылады. Бірақ оқушы бұл ескертуді елемей, тағы да смартфон қолданса, ата-ана жауапкершілік арқалайды.
Бір қарағанда керемет бастама, құдды сабақ үстіне смартфон ұстамаған баланың оқу үлгерімі жақсарып-ақ кететін сынды. Кей ұстаздар бұған ризашылығын айтып жатыр. Осыған дейін сыныптағы балалардың телефонын жинап, әуре-сарсаңға түсетін олардың қолы жеңілдеді. Сабақ кезінде смартфон ұстамауды енді мұғалім емес, ата-ананың өзі қайталап жүретін болады.
Дегенмен екінші мәселе де бар. Оқушы асханаға барғанда төлем жасауы керек, ата-анасымен байланысып отыруға тиіс. Кейде оқу процесінің өзіне технологияны пайдалану қажет болады. Сондықтан жауаптылар смартфонды толық шектей алмайды.
Бұл мәселе қазір дамыған елдердің де уайымына айналып отыр. Мәселен, Францияның бастауыш мектептерінде смартфон ұстауға тыйым салынған. Орта мектептерінде "сандық үзіліс" жобасы бар. Басқа емес, оқушылардың өзі құрылғыларын жеке шкафына сақтап, құлыптап қоюға тиіс. Италияның да бастауыш және орта мектептерінде телефон ұстауға болмайды, тек ерекше қажеттілігі бар оқушылар үшін мұғаліммен қолдануға болады. Нидерландта да талап солай.
Ал Эстонияда жағдай басқаша, смартфонды оқу құралы ретінде санайды, жоғары сынып оқушыларына ЖИ акаунттары беріліп, сабақ өтіледі. Финляндия мектептерінде оқушылардың білім алуына арнайы планшеттер беріледі, мектептер толық цифрлық технологиямен қамтамасыз етілген.
Қазақстанның құрметті ұстазы Аягүл Миразованың айтуынша, Корея, Жапония, Сингапур сынды дамыған елдерде де оқушылар мектепте телефон қолданбайды. Технологиясы қанша дамығанмен де, оны оқушылардан шектеу арқылы сапалы білім беріп отыр.
Бірақ жалпы мектептерде мұндай мүмкіндік қаралмағанын білеміз. Телефонды жинап, сақтау, қайта таратып отыру да оңай жұмыс емес. Арнаулы штат қажет болады. Алдағы уақытта үкімет мүшелері бұл тақырыпты ойлана жатар.
Қазір әлеуметтік желіде де жаңа заңға қатысты түрлі ой-пікір айтылып, талқыланып жатыр. Ата-аналар да жүйелі жағдай жасап, әр оқушыға жеке телефон сақтағыш жәшіктің болғанын қалап отыр. Үзілісте асханаға бара қалса, бір жері ауыра қалып немесе тосын жағдай болса, ата-анаға хабарласуға мүмкіндік болуы тиіс. Оның үстіне 20 мың теңге де аз ақша емес, алдағы уақытта кей ата-аналар шу шығаруы да мүмкін.
Осылайша, Қазақстандағы білім беру жүйесінде смартфон мен технологиялар зиянды да, екінші жағынан аса қажет те дүние саналып, талас тудырып отыр. Заң жөнді делік, бірақ одан шығатын даулар мен келеңсіз оқиғалар азаймайтынына кепіл жоқ.