Жаңалықтар

Атырау облысында оқушылар төрт ауысымда оқуға мәжбүр

Атырау облысында оқушылар төрт ауысымда оқуға мәжбүр

Атырау облысында мердігер мекеменің салғырттығынан үш мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмысы тоқтап қалды. Жағдай, әсіресе Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл елді мекенінде қиын болып тұр. Бұл ауылдың балалары қазір сабақты төрт ауысымда оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Қазақстан ұлттық арнасы. Жауапсыз мердігердің салғырттығынан ауылдағы 900-ге жуық бала 320 орынға шақталған бастауыш мектеп ғимаратында 4 ауысымда оқуға мәжбүр. Күніне 4 сабақ қана өтеді. Бес пән онлайнға ауыстырылған. Аядай нысанда бөлме тапшы. Жүздеген мұғалім де кабинеттен қағылған.

Ал мектеп-интернаттың сырты да іші де жайрап жатыр. Оны бастан-аяқ күрделі жөндеу үшін бюджеттен 548 млн теңге қаржы бөлінген. Нысанды өткен жылдың қарашасында тапсыруы тиіс мердігер жұмысты оқсатпады. Зардабын ауылдықтар көріп отыр.

Күрделі жөндеудің тек 50 проценті ғана аяқталған. Оның өзі сын көтермейді. Ал, 120 балаға арналған интернаттың бірінші қабатындағы еден сол күйі төсеусіз жатыр. Әлі 157 млн теңге игерілмей тұр.

Шымкентте тіркелген құрылыс компания Қосшағылдағы мектептен бөлек, қаладағы екі білім мекемесінің де күрделі жөндеуі жұмысын аяқсыз қалдырған. Мердігерге қатысты бірнеше рет іс қозғалды. Нүктесін сот қояды. Мекемеге хабарласу мүмкін болмады.

Өңірде қайта жаңғыртуды қажет етіп тұрған 8 білім мекемесі бар. Оған 4 млрд 271 млн теңге ақша бөлінген. Ал, күрделі жөндеуі басталып, аяқсыз қалған үш мектептің жыры әзір бітпейтін сыңайлы. Өйткені, соттың қашанға дейін созылатыны белгісіз.