
Атырау облысында бір күнде жол апаттарынан 5 адам көз жұмды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
15 сәуір – Атырау облысында бір тәуліктің ішінде бірнеше жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам қаза тапты.
Полиция мәліметінше, қайғылы оқиғалардың барлығы 15 сәуір күні тіркелген.
Алғашқы жол апаты таңғы сағат 05:45 шамасында болған. Toyota Camry маркалы жеңіл көлік аударылып, үш адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Сол күні 15:30 шамасында Махамбет ауданына қарасты Сағыз ауылында мотокөлік тізгіндеген жасөспірім жарық бағанасына соғылып, ауыр жарақат алған. Ол кейіннен ауруханада қайтыс болды.
Үшінші жол-көлік оқиғасы 16:40 шамасында Доссор–Құлсары бағытындағы тас жолдың 93-шақырымында тіркелді. Жүк көлігі мен ВАЗ-2115 маркалы жеңіл көлік соқтығысып, соның салдарынан бір адам оқиға орнында мерт болды.
Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Дегенмен, жол қозғалысы ережелерінің жиі бұзылуы апаттардың азаймауына себеп болып отыр.