Жаңалықтар

Атыраулық мұғалім гір спортынан әлем чемпионы атанды

Атыраулық мұғалім гір спортынан әлем чемпионы атанды

Ришат Ғалиахметов Атырау облысы Қызылқоған ауданындағы Қаракөл орта мектебінде АӘД пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол кейінгі 10 жыл бойы гір көтеру спортымен айналысып келеді. «Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Мен оның ізін жалғастырып келемін. Мен де әкем сияқты балаларды салауатты өмір салтын ұстануға баулығым келді. Ал, ол үшін алдымен өзім белсенді болуым керек. Міне, гір көтеру спортымен 10 жылдан бері айналысамын. Гір көтеруден әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап, тағы да жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазір бірнеше шәкіртім менің жолымды қуып келеді. Олар Қазақстан чемпионатына қатысып жүр», - деді Ришат Ғалиахметов. Жарыс Үндістанның Нью-Дели қаласында 27 қазан мен 1 қараша аралығында өтті. Оған 13 елден 234 спортшы қатысты. Айта кетсек, бұл – ұстаздың екінші жеңісі. Бұған дейін ол Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алған.