дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат

Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
ашық дереккөз
Әр өңірдің экономикалық дамуына, көркеюіне ерекше үлес қосқан дара тұлғалар болады. Олар үлкен өзендер секілді үнсіз жүріп талай тірлікті тындырады. Себебі, ондай азаматтарда халқын сүйе алатын үлкен жүрек бар. Сондай белгілі перзенттің бірі – Талас ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбілқайыр Сатыбалдин еді.

Әбілқайыр Сатыбалдин Талас аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін табан аудармай жиырма жыл атқарған кісі. Бұл қызмет – аудандағы ең үлкен лауазымның бірі. Ол атқару комитетін басқарған жылдары Талас ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, малдың басы екі есеге өсті. Аудан орталығы Ақкөл ауылында көпқабатты тұрғын үйлер, мекеме ғимараттары салынып, ажарлана түсті. Шаруашылықтарда қарапайым еңбек адамына жасалатын қамқорлықтар көбейіп, әр шопанның қыстауына монша салынды. Жайлау, қыстауларға өнерпаздар концертпен, мамандар кино көрсету бойынша барып тұрды. Малшыларды көшпелі монша, автодүкен аралайтын болды. Сол жылдары ортамызда жүрген Социалистік Еңбек Ерлеріне, Ұлы Отан соғысының батырларына құрмет көрсету жоғары деңгейде жүзеге асты. Міне, осындай жұмыстардың басында Әбілқайыр Сатыбалдыұлы жүрді.

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында қоғам белсендісі, Талас ауданының Құрметті азаматы Әбілқайыр Сатыбалдиннің 100 жылдығына орай еске алу іс-шарасы өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйледі. Ол: «Біз Талас ауданының тұрғындары үшін аса маңызды іс-шараға жиналып отырмыз. Себебі, қоғам белсендісі, Талас ауданының Құрметті азаматы Әбілқайыр Сатыбалдиннің есімі таластықтар үшін өте қымбат. Ел басына ауыр күн туған шақта Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, бейбіт күнде де Талас ауданының экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Таластықтар дара тұлғаны еске ала отырып, спортты дамытуға қадам жасап жатыр. Осында жылдам шахматтан және кіші футболдан жасөспірімдер арасында өтуі жоспарланған облыстық ашық турнирге сәттілік тілеймін. Әбілқайыр Сатыбалдин ақсақалдың ұл-қыздарына, ұрпақтарына жақсылық тілеймін. Еліміз аман, халқымыз қуатты болсын, – деді. Мұнан соң Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы сөйлеп, 20 жыл ауданда басшылық қызметте болған тұлғаның асыл қасиеттері туралы естеліктер айтты.

Жиында Әбілқайыр Сатыбалдиннің ұлы, экономика ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әзімхан Сатыбалдин әкесінің қамқорлығына, жылы жүрегіне тоқталды. «Әкем аудандағы үлкен басшылардың бірі болды. Жұмысы өте көп. Ол кезде шаруашылықтарда науқаннан соң науқан басталып кетіп жатады. Бірақ, сол тынымсыз жұмыстарының арасынан әкеміз бізге уақыт тауып, тәрбиеледі. Мейірімін көрсете білді. Соның нәтижесінде ұл-қыздары жақсы абыройға, мақсаттарға қол жеткізді. Ол кісінің ауданның дамуына да сіңірген еңбегі үлкен. Әкемнің әруағын сыйлап келіп жатқан қонақтарға және таластықтарға көп рақмет», – деді ол. Осы күні Әбілқайыр Сатыбалдиннің рухына Құран бағышталды. Осы тұста Сатыбалдиндер әулеті жылдам шахмат және кіші футбол турнирінің жүлде қоры үшін 1 миллион теңге демеушілік жасағанын айта кеткен жөн.

Талас ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбілқайыр Сатыбалдиннің 100 жылдығына арналған жасөспірімдер арасындағы жылдам шахматтан командалық облыстық ашық турнирінде бірінші орынды Тараз қаласының командасы иеленсе, Түркістан облысы, Кентау қаласынан келген құрама екінші, меркіліктер үшінші жүлдеден көрінді. Турнирдің ең жас шахматшысы Т.Рысқұлов ауданынан келген 7 жасар Айару Кайпова болды. Ол да турнирдің жүлдегері атанды. Жуалылық жас шахматшы, Билікөл ауылындағы №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Даяна Орынбай: «Шахмат спортымен 5 жылдан бері айналысып келемін. Оқушылар арасында облыс чемпионы болғанмын. Турнир әділ өтіп жатыр. Осы турнирден де біраз достар таптық. Турнирге сәттілік тілеймін», – деді.

Ал, еске алу шарасы аясында кіші футболдан 2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен облыстық ашық турнирде 1-орынды Талас ауданындағы №32 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас ойыншылары иеленсе, екінші орын Тараз қаласы №5 Олимпиадалық мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебіне бұйырды. Жүлделі 3-орынға қаратаулық «Лион» командасы лайық деп танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбек марапаттап, диплом, медаль және ақшалай сыйлықтар тапсырды.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар