Жаңалықтар

Аудан дамуы тұрақты

Аудан дамуы тұрақты

  Биыл 95 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қазыналы қарт Қаратаудың қойнауындағы қасиетті өлке, шежірелі Сарысу өңірінде толайым тірліктер тізбегі толастаған емес. Аудан халқы берекелі бірліктің үлгісін көрсетіп, мерекелі тірліктің табысқа толы тайқазанын қайнатуда. Ауданда ортақ игілік жолындағы оңды істер қолға алынған. Айталық, биылғы қоян жылының өткен алты айында жүзеге асқан және атқарылып жатқан жұмыстар баршылық.

Сарысу ауданының экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған. Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Бұл тау-кен өңдеуші кәсіпорындар фосфор шикізатын өндірумен және оны ұсақтаумен айналысып, ауданда ғана емес, облысты тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр. Үстіміздегі жылдың 6 айының қоры-тындысы бойынша ауданда өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 43 млрд 447,5 млн теңгеге өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,1 пайызға артқан. Сарысу ауданы – өндіріспен қатар, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Еліміздің қарыштап дамуы, ауылдардың дамуымен тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да көңілге қонымды көрсеткіш баршылық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 4 млрд 703,9 млн теңгеге өндіріліп, 103,1 пайызды құрады. Бұл 2022 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 1,5 млрд теңгеге артық орындалды. Ауданда 3,136 млн гектар жер бар, оның 600 мың гектарға жуығы ауыл шаруашылығы алқабы. Өңірдегі шаруалар да өз ісін ілгерілетіп, егін егіп, мал өсіруге баса ден қойған. 1 572 шаруа қожалығы тіркеліп, оның 1 480-і белсенді жұмыс атқаруда. Оларға тиесілі егістік алқабының көлемі − 24 717, 63 гектар. Биылғы жылы 24 508 гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастырылып, өткен жылдың егістік алқабынан 279,5 га артық игерілді. Ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз етуге баса мән беріліп келеді. Ағымдағы жылға 12% ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жоспары берілген. Бүгінгі күнге жалпы сомасы 256,6 млн теңге, оның 135,0 млн теңгесіне 10 трактор алынып, қалған 119,3 млн теңгесіне 26 басқа техникалар – барлығы бүгінгі күнге 35 техника жаңартылды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Саудакент несие серіктестігі» ЖШС» «Кең дала» бағдарламасы арқылы 13 шаруа қожалық 87,3 млн теңгеге несие алды. Мемлекеттік қолдау жұмыстарын дұрыс жолға қоюдың нәтижесінде төрт түлік малда өсім бар. Мүйізді ірі қара − 31 609 басқа, қой-ешкі – 283 714 басқа, жылқы – 10 643 басқа, түйе – 3 529 басқа, құс – 27 031 басқа жеткізіліп, өндірілген ет пен сүт көлемі де артты. «Қамданған қапы қалмайды» деген, биылғы мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығын дайындауға шаруалар, ауыл тұрғындары белсене кірісіп жатыр. «Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші» десек, аудан кәсіпкерлігін дамыту бағытында да біраз жұмыстар атқарылды. Сарысу ауданында 5 220 шағын және орта бизнес субъектілер тіркелген. Оның ішінде шағын және орта – 186, жеке кәсіпкерлер – 3 462, шаруа қожалықтар – 1 572. Есепті кезеңде шағын және орта бизнес субъектілер саны 1 370 бірлікке артқан. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында ауданның 16 жеке кәсіпкерінің жобалары 179,6 млн теңгеге қолдау тауып, қаржыландырылды. «KMF» микроқаржы ұйымы» ЖШС аудандық филиалы арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша 486 жоба 516,2 млн теңгеге несиелендірілді. Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1666,9 млн теңгені құрап, 2022 жылдың 6 айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 732,8 млн теңгеге артық орындалды. Жалпы ауданның инвестициялық потенциалы өте жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-маусым айларында 22 млрд 879,6 млн теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 162,4 пайызды құрап, 9,6 млрд теңгеге артық орындалды. Мемлекеттік бюджетке 4275,9 млн теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналып, жоспар 137,5 пайызға орындалды. Ауданда құрылыс, тұрғын үй салу жұмыстары да қарқын алуда. Атап айтсақ, Жаңатас қаласында 97 көпқабатты тұрғын үй (6 425 пәтер) бар, оның ішінде 1 тұрғын үй «Еврохим» ЖШС-нің теңгерімінде, 19-ы коммуналдық меншікте. Кондоминиум обьектілері ретінде 76 тұрғын үй тіркелген. Бүгінгі таңда Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1 607 адам үй кезегінде тұр. Ағымдағы жылы Жаңатас қаласындағы бос тұрған 2 ықшамаудандағы №32 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланып, бұл жұмыстарға 538,2 млн теңге қаралған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр. Бұған 1545,6 млн теңге қаржы бөлінген. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту бойынша Жаңатас қаласы 2 ықшамаудандағы 60 пәтерлі бос тұрған №33 көпқабатты үйді коммуналдық меншікке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Жаңатас қаласының 6 ықшамауданында 80 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бойынша құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім облыстық құрылыс басқармасына өткізілді. Жалпы ауданда осы жылдың қаңтар-маусым айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд 101,7 млн теңгені құрады. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 5 101,7 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 171,7 пайыз немесе 2,2 млрд теңгеге артық. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жаңатас қаласында және елді мекендерде ауыл тұрғындарының және демеушілер есебінен 2 жаңа құрылыс, 5 күрделі жөндеу, 2 пәтер сатып алу, барлығы 9 үйді мұқтаж азаматтарға беру жоспарлануда. Елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй беру, жарықтандыру мәселелері де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бүгінде аудандағы 25 елді мекеннің 4 елді мекен газбен қамтамасыз етілген. Ауданда газдандыру жұмысын жалғастыру мақсатында 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы». Құрылыс жұмыстарына 2019-2022 жылдары 7,1 млрд теңге бөлінсе, 2023 жылы бұл жұмыстарға 1,1 млрд бөлінді. Сарысу ауданындағы 14 елді мекенге (Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жанаталап, Ұйым, Ұ.Сыздықбайұлы, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Ә.Бүркітбаев, Арыстанды) газ құбырларын салу мен газдандыру жобасы. 2021-2022 жылдары жоба бойынша 3,7 млрд теңгеге елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталып, қазіргі таңда 8 елді мекенде газ тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл жұмыстарға 2023 жылы 3,6 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Шағалалы ауылын газбен жабдықтау жұмыстарына ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 98,3 млн теңге бөлінді. Аталған жобалар іске асқан кезде Сарысу ауданындағы 15 елді мекендегі 40,0 мыңға жуық адам (оның ішінде Жаңатас қаласындағы 22 мың адам) табиғи газбен қамтылады. Ауданның газбен қамту деңгейі 76 пайызға дейін жетеді. Аудандағы 25 елді мекеннің 20-сы бүгінгі таңда орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп, 80 пайызды құрап отыр. Биылғы жылға Үшбас және Шағалалы ауылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 470,8 млн теңге бөлінді. Қалған 3 елді мекеннің (Ақтам, Майлыкөл, Кіші Көкдала) халық саны 200 дейін болуына байланысты кешенді блок модульді қондырғы орнату көзделген. Сонымен қатар ағымдағы жылы Ақтоғай, Саудакент және Тоғызкент ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 1 млрд 352,5 млн теңге қарастырылды. Моноқалаларды дамыту мақсатында, Жаңатас қаласының «Строитель» массивіне (Строитель, Горняк, Фосфорит) су құбыры желілерінің құрылысына 431,1 млн теңге бөлінді. «Жол – тіршіліктің күретамыры» десек, бұл бағыттағы жұмыстар ел тынысын кеңейтіп, қуанышын еселей түсуде. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 525,5 шақырымды құрайды, 78,0 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Өткен жылы жылы Жаңатас-Түркістан және Жайылма ауылдарына кіреберіс жолдар 287,7 млн теңгеге орта жөндеуден өткізілді. Аудандық бюджеттен бөлінген 54,0 млн теңгеге 4 елді мекеннің 4 көшесіне және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 елді мекеннің 15 көшесіне 218,3 млн теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы Шағалалы ауылына кіреберіс жолын 135,0 млн теңгеге орта жөндеуден өткізу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 елді мекеннің 12 көшесіне 279,8 млн теңгеге жөндеу жұмыстары және аудандық бюджеттен бөлінген 9,0 млн теңгеге Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Р.Қабылұлы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік сала, оның ішінде білім, мәдениет, денсаулық, спорт салалары назардан тыс қалған емес. Бұл салаларда да атқарылған жұмыстар баршылық. Өңірде білім бөліміне қарасты 27 мектеп бар. Жаңа оқу жылы 562 сыныпта 9 145 оқушы болды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ауданда жалпы орташа балл 70,3 пайызды құрады. 27 мектептің 17-сі типтік, 10-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Жалпы 9 қосымша білім беру мекемесінде 3 823 оқушы қамтылған. Мектепке дейінгі тәрбие беретін 24 мекемеде 1 993 бала тәрбиеленуде. Ағымдағы жылы білім саласында «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 193 млн теңгеге Жаңаталап орта мектебіне жапсарлас спорт залы мен жапсарлас асхана, мәжіліс залының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар облыстық дамыту бағдарламасы аясында 399,2 млн теңгеге Жаңатас қаласындағы 2 мектепте (Абылайхан мектеп-лицейі, М.Әуезов мектеп-гимназиясы) күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ ауданда 250 спорт нысаны бар. Аудан тұрғындарының 39,5 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Аудандағы 5 спорт мектебінде спорттың 20 түрінен 3 мыңға тарта спортшы спорт түрлерімен тұрақты айналысады, олармен 84 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Жыл басынан аудан спортшылары республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда 80 алтын, 87 күміс, 167 қола, барлығы 334 медальға ие болды. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында ауданда 2 914 адам қатысқан 130 спорттық іс-шара өткізілді. Биыл 5 елді мекенде (Жаңатас қаласы, Саудакент, Тоғызкент, Ә.Бүркітбаев, Өндіріс ауылдары) 54,8 млн теңгеге футбол, волейбол және стрит воркаут алаңшаларын орнату жоспарланып отыр. Ауданда барлығы 26 медициналық ұйым бар. Ғимараттарының жағдайы жақсы. Ағымдағы жылы Жайлаукөл ауылында 249,7 млн теңгеге ауысымына 30 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жоспарланған. Жыл басынан бері 436 нәресте дүниеге келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда туу көрсеткіші 9 нәрестеге көбейген. Ауданда 19 мәдениет және клуб үйлері мен 26 кітапхана жұмыс істейді. Барлық ұлттық және мемлекеттік, сонымен қатар кәсіби мерекелер аудандық мәдениет үйінің атсалысуымен өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың 6 айында мәдениет саласында барлығы 56,2 мың адам қатысқан 1 287 мәдени іс-шара өткізілді. Олардың арасында Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай, Алтынбек Қоразбаевтың 75 жасы, ақын, жергілікті сазгер Төлеу Үшқоңыровтың 85 жасына арналған мерейтойлық шаралар мен ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелерге арналған түрлі форматтағы іс-шаралар бар. Биыл Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл толады. Барлық шаралар осы мерейтой аясында болмақ. Қазіргі таңда Сарысу ауданының 95 жылдығына орай, «Саялы өлкем – Сарысуым!» атты мәдениет және өнер фестивалі бастау алды. Алдағы уақытта аудан күндері аясында Сарысу өңірінен шыққан бірқатар өнер майталмандары мен ақын-жазушылардың мерейтойларын, атап айтқанда, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығы, жазушы Дулат Шалқарбаевтың 100 жылдығы, Төкен Махашевтің 100 жылдығы, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасы, мәдениет қайраткері Рәтбек Сүлейменұлының 75 жас мерейтойлары мен бірқатар ауқымды жобаларды кең көлемде өткізу жоспарланып отыр. Бұған қоса биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 223,6 млн теңгеге Өндіріс ауылдық клуб үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында атаулы әлеуметтік көмек (АСП) 290 отбасына тағайындалды. 2023 жылдың 1 шілдесіне тиісті уәкілетті органда 1 170 азамат жұмыссыз ретінде есепте тұр. Жыл басынан бері 1 734 азамат белсенді шаралармен қамтылды. Оның ішінде 555 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 76 адам жолданды. Жастар практикасын ұйымдастыру бойынша 55 жас маман мекеме, кәсіпорындарға жұмысқа жіберілсе, қоғамдық жұмысты ұйымдастыру бойынша 629 адам жұмысқа тартылды. 268 азамат «Бастау бизнес» оқу курсына жолдама алды. Кәсіпкерлікті дамыту аясында қайтарымсыз грант қаражаты 43 адамға беріліп, оларға 59,2 млн теңге төленді. 2023-2025 жылдарға арналған жасқа берілетін 2,5 пайыз жеңілдетілген микрокредит аудан бойынша 14 жасқа беру жоспарланып, бүгінде 5 азамат несие алды. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында 72 құқық бұзушылық тіркеліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 6 көрсеткішке төмендеген. Қылмыстың ашылу деңгейі 87,7 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға жоғарылаған. Өңір халқының еңбек пен шаттыққа толы тірлігі оң нәтижесін беруде. Әрбір оң көр- сеткіш – еселі еңбектің жемісі. Осылайша ынтымақ пен бірлікті ту еткен Сарысу жұртшылығы еселі еңбектің үлгісін көрсетіп, Сарысу ауданның 95 жылдық мерейтойын жақсы жетістіктермен, тамаша табыстармен қарсы алмақ.