дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 17:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауданда кәсіпкерлік қанат жаяды

Ауданда кәсіпкерлік қанат жаяды
ашық дереккөз
Бүгінде бұрынғыдай «екі қолға бір күрек» іздеп сабылып, жұмыс берушілердің табалдырығын тоздыратын заман артта қалды.

Еңбек етуге ниетті немесе жұмысынан босағандар жергілікті жердегі мансап орталығына қайырылып, жұмыссыз ретінде тіркелсе, оларды жұмысқа орналастыру, кәсіптік негізде оқыту курсынан өткізу, мамандық игерту, қайтарымсыз қаржы немесе жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсіп ашуына жағдай жасаудың түрлі тетіктері бар.

Байзақ ауданында былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 5 185 адамды қатыстыру жөнінде арнайы жоспар бекітіліп, меже жыл аяғына дейін 123,3 пайызға артығымен орындалыпты. Оның ішінде 4 591 тұрғын жұмыс іздеуші ретінде аудандық мансап орталығына қайырылса, тіркеудегі есепте тұрған жұмыссыздар саны – 949-ды құраған.

Байзақ аудандық мансап орталығының директоры Нұржан Тлеповтің айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың ішінде 210 адамды онлайн курс арқылы кәсіптік оқытудан (онлайн) өткізу көзделсе, барлығы 302 азамат өткен екен. Ал қысқамерзімді кәсіптік оқытумен жоспар бойынша 45 тұрғын қамтылған. Кәсіп ашуы үшін 35 байзақтыққа жеңілдетілген несие үлестіру жоспарланса, жыл аяғына дейін 72 азамат қаржы алған. – Кәсіпкерлік негізіне 400 адамды оқыту жоспарланғанымен барлығы 1006 жерлесіміз оқыту курсынан өтті.

Әлеуметтік жұмыс орындарына – 191, «Жастар тәжірибесі» бойынша – 345, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 962, тұрақты бос жұмыс орындарына 3 206 адам жіберілді. Жұмыспен қамтылғандардың ішінде 51-і «Алғашқы жұмыс орны», үшеуі «Ұрпақтар келісімшарты», 73-і «Күміс жас» жобалары аясында тиісті мекемелерге жолдама алды. Өңірлерді дамыту бағдарламалары бойынша 64 жоба жүзеге асып, 341 адам жұмыспен қамтылды.

Оның ішінде 127-сі уақытша, 214-і тұрақты жұмысқа орналасты. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған 12 жоба аясында жұмысқа тұрған 161 азаматтың 130-ы тұрақты, 31-і уақытша жұмыс орнымен қамтылды. «Жасыл Қазақстан» жобасының арқасында 16 адам тұрақты жұмыс тапты. «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты 30 жоба 35 тұрақты, 55 уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша жүзеге асырылған 3 жобаға 8 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Сол секілді «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» аясында 13 жоба – 37 адамның, «Рухани жаңғыру» ұлттық жоба аясындағы 3 жоба – 11 тұрғынның, екі «Жайлы мектеп» жобасы 18 азаматтың жұмысқа тұруына ықпал етті. Пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға арналған және мүгедектер квотасының жоспары бойынша жеті-жетіден 14 адам жұмысқа тұрды, – дейді Нұржан Сейдазімұлы. Аудандық мансап орталығының көмегіне жұмыс сұрап жүгінетіндер қазір де баршылық. Соның бірі – Меруерт Сүгірбекова. Оны аталған мансап оралығы қаңтар айының ортасында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен «Ерік ата» балабақшасына жіберіпті.

Ол бүгінде осы бағдарлама бойынша мектепке дейінгі оқыту және тәрбие мамандығымен жұмыс істеп жатыр. – Сарысу ауданының Саудакент ауылында дүниеге келгеніммен бүлдіршін кезімде отбасым Тараз қаласына көшіп келді. Облыс орталығындағы №54 орта мектеп табалдырығын аттап, 2012 жылы қолыма аттестат алдым.

Одан кейін Тараз қаласындағы №1 кәсіптік колледжге «Шаштараз» мамандығы бойынша оқуға түстім. Шамамен коледжді бітіретін 2015 жылға қарай Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының азаматына тұрмысқа шықтым. Ауылдағы Қонаев көшесінің бойынан бір нысанды жалға алып, «Керемет» атты сұлулық салонын ашып, екі жыл жүргіздім.

Ол кәсібім тоқтап қалды. Қазір біреулер ол нысанды «Керемет» деген бұрынғы атауымен дүкенге айналдырды. 2020 жылы Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне оқуға түсіп, ол оқу орнынан «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбие» мамандығын игеріп шықтым. 4 перзентім бар, қазір кішкентайым бір жаста.

Бала күтімімен үйде отырып, биыл жұмыс іздестіре бастадым. Аудандағы «Ерік ата» балабақшасының «Іnstagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан «тәрбиеші керек» деген жарнамасын кездейсоқ көріп қалып, онда жазылған телефон нөміріне қоңырау шалдым. Олар әзірге аудандық мансап орталығы арқылы жұмыс істеуге ниетті маман іздестіріп жатқандарын айтты. Осылайша аудандық мансап орталығына барып, мамандарға балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істегім келетінін жеткіздім.

Менің мәселем ойламаған жерден бір күнде шешімін тауып, аталған балабақшаға жұмысқа тұрдым. 110 мың теңге айылықақыны мемлекет төлеп береді. Күйеуім М.Х.Дулати атындғы Тараз өңірлік университетінде оқытушы болып жұмыс істейді, жаным қалаған жұмысты істеуіме қатысты ойымды өмірлік жарым да қолдады.

Бүгінде аз ғана уақыт өтсе де ұжыммен тез тіл табысып кеттім. Ата-аналармен де тығыз қарым-қатынаста еңбек етеміз. Балабақша меңгерушісі Айзада Ерікқызы болашақта мені тұрақты жұмысқа қабылдайтынын айтып қуантты. Қарым-қабілетіме, жастық жалын-жігеріме сенім артқаны үшін меңгерушіге айтар алғысым шексіз, – деді Меруерт Нұрланқызы. Сарыкемер ауылының тұрғыны саналатын Айдана Құдайбергенова есімді тағы бір жастың еңбек жолы енді басталды.

Оның медициналық орта білімі бар. Негізінде жұмыс берушілер, ең алдымен, тәжірибелі маманды жұмысқа алғысы келетіні белгілі. Ол өз мамандығы бойынша еңбек ету мақсатында өткен жылы аудандық мансап орталығына жұмыс сұрап барыпты. Осылайша қыркүйек айында аудандағы «Серпін» медициналық орталығына мейіргер ісі бойынша жұмысқа тұрған екен. Оның жұмысқа орналасуына «Алғашқы жұмыс орны» жобасының көмегі тиіп отыр.

Өткен жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Әлеуметтік кодекске сәйкес Байзақ аудандық мансап орталығынында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін гранттар берілген. Жалпы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне дейін берілетіні белгілі. Аталған мансап орталығының кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Дидар Сансызбаев грантты кімдер ала алатынын түсіндіріп берді.

– Қайтарымсыз қаржы алуға құқығы барлардың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балалар жатады.

Балалар өз атынан грант рәсімдемесе де олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушы немесе оның жұбайы қайтарымсыз қаржы үшін өтініш бере алады. Сонымен қатар асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар немесе оның жұбайы грант алуға құқылы.

Қайтарымсыз қаржы бір рет қана беріледі және ол қаржы нысаналы мақсаты бойынша қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды (инвентарь), технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алуға жұмсалады. Одан бөлек коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерін, сауда объектілерін жалға алуға, пайдалануға, сенімгерлік басқару құқығындағы сауда объектілерінің аумағында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалдау ақысын төлеу үшін үлестіріледі.

Бұл ретте жұбайынан, жақын туыстарынан еңбек құралдары, мүкәммал, технологиялық жабдық, жануарлар, мал, құстар, көшеттер, бұталар, тұқымдар сатып алу заңға қайшы. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға үй-жайлар жалға алынбайды. Қаржы тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Грант алуға өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру өтініштер қабылданғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жариялануы тиіс, – деді Дидар Қалдарбекұлы. Өткен жылы ауданда 140 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланып, 140 адам қайтарымсыз қаржы ұтып алыпты.

Оның ішінде көпбалалы отбасы мүшелері – 81, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адам саны – 34. Сонымен қатар ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 14 адам мен асыраушысынан айырылған жағдайда төлем алушылар есебіндегі 10 азамат және атаулы әлеуметтік көмек алушы 1 тұрғын қайтарымсыз қаржы алған. Игерілген қаржы көлемі – 193,2 миллион теңге. – Барлық грант алушылардың 116-сы қаржысын малшаруашылығына, біреуі құсшаруашылығына, 16-сы технологиялық жабдықтар алуға, жетеуі мүкәммал алуға жұмсады.

Былтыр «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқуға портал арқылы 982 адам өтініш білдіріп, оның 708-і оқуды сәтті аяқтап, қолына сертификаттарын алды. Оқуын сәтті аяқтағандардың ішінде 263 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен еңбек мобильдігі орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Шарт бойынша, бір жыл ішінде грант қаражатын алған адам оны мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайын есеп ұсынып отыру керек.

Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыру қажет. Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде «Есепті тапсыру» тетігі арқылы тапсыруға болады. Есеп туралы ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Грант иесі тек жүзеге асыратын бизнестің кейбір көрсеткіштерін көрсетіп, растайтын құжаттарды тіркеп, үш сауалға жауап беруі қажет. Есеп ұсынылмаса, қосымша растайтын құжаттар берілмесе немесе есепте көпе-көрінеу жалған мәліметтердің бары анықталса, еңбек мобильдігі орталығы есептелген грант қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы. Өткен жылы Байзақ ауданында бір азамат келісімшартта көрсетілген міндеттемелерге атүсті қарап, нәтижесінде ісі сотқа жолданды.

\Жастарға микрокредит беру мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органға тиісті шарттармен бюджеттік кредит беретіні белгілі. 28 айдан аспайтын мерзім – негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең. Бюджеттік кредитті игеру кезеңі 12 айды құрайды және ол бюджеттік кредитті халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға аударған сәттен бастап есептеледі. Жастарға шағын несие мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып үлестіріледі. Оның мерзімі – 5 жыл. Малшаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы 5 миллион теңгені құрайды. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Сонымен қатар кепілмен қамтамасыз етудің болуы, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең шағын несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтыны туралы талаптар бар.

Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес, сенім білдірілген өкілге микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аз кәсіпкерлер қатыса алады. Микрокредит беру үшін үміткердің жасы құжаттарды тапсыру сәтінде ескеріледі, – деді Д.Сансызбаев. Өткен жылы Байзақ ауданы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» аясында 72 жас азаматқа 2,5 пайыздық несие беріліпті. Қазір олар алған қаражатын тиісті мақсатта жұмсап, кәсіпкер ретінде өз істерін алға дамытып жатқан көрінеді. Дидар Сансызбаев Қазақстан Республикасында «Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру» қағидасын іске асыруға қатысты міндеттердің бірі – Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткізу екенін сөз етті.

Негізінде кәсіптік оқыту жөніндегі қызметтер мемлекеттік білім беру ісінің тапсырысы болып саналатыны баршаға аян. Сондықтан бұл ретте тиісті тараппен шарттар бұрынғы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығын басшылыққа алу арқылы жасалады екен. Нақты айтқанда, бұл іс мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерін ескере отырып, 6 айдан аспайтын мерзімді құрайды.

– Білім беру ұйымдарында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес, жұмыс берушілердің меншік нысанына қарамастан, яғни олардың сұратуы бойынша ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан аса қызмет ететін жұмыс берушілердің қатысуына жол беріледі.

Оқытуға қатысқысы келетін үміткерлер мансап орталықтарына жеке басын куәландыратын құжатын, бар болса, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжаттарын, аттестат, куәлік, диплом секілді білімін және куәлік, сертификат тектес оқытудан өткенін растайтын құжаттарын өткізуі керек. Денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтаманың көшірмесі де талап етіледі. Білім беру ұйымына қабылданған соң екінші деңгейдегі банкте ашылған ағымдағы (карталық) шоттың нөмірін ұсынады. Оқытудан өтіп жатқан жұмыссыздар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі.

Еліміздің заңнамасында жұмысшы біліктіліктер бойынша техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттер үшін белгіленген мөлшерде стипендиямен, сондай-ақ жол жүруге, тұруға және медициналық тексеріп-қараудан өтуге материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі. Ол көмек облыс шегінде, бірақ жұмыссыздар тұрақты тұратын елді мекендерден тыс орналасқан білім беру ұйымдарында оқыған барлық кезеңде оқу орнына баруға және қайтуға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жол жүруге ақы беріледі, – Дидар Қалдарбекұлы. Жұмыссыздар тұрақты тұратын елді мекендерден тыс орналасқан білім беру ұйымдарында оқыған уақытта Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау және Маңғыстау облыстарында тұруға ай сайын 15 АЕК мөлшерінде, қалған облыстарда тұруға ай сайын 10 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді екен. Ал оқудың барлық кезеңінде медициналық тексеріп-қараудан өтуге 2 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар