Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» жобасын Жамбыл өңірінде 8 мың шаруа қолданған

«Ауыл аманаты» жобасын Жамбыл өңірінде 8 мың шаруа қолданған

Биыл елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға жол ашты. Бұл жоба Президенттің сайлауалды бағдарламасы ойдағыдай орындалып жатқанын көрсетеді. Әсіресе, бұл бағытта Әулиеата өңірі көш басында келеді. Биыл аймақ шаруаларына 2,5 пайыз несие беру мақсатында 24 млрд теңге қаржы бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 4 жыл бұрын пилоттық негізде Жамбыл жерінде бастау алды. Осы аралықта 42 млрд теңге несие 8 мың шаруаға берілді. Қаржыға қол жеткізгендердің қатарында Рахымбек те бар. Ол шарт бойынша кооператив құрып, дән себу мен техника үшін 115 млн теңге несие алған. Шаруа 150 гектарға күзгі дән себуді мерзімінен кешікпей аяқтамақ.

Жобаға Жамбылдағы 153 ауылдық округ кірсе, бүгінде 60-ы қаржымен қамтылған. Бұл 60 жаңа копператив құрылғанын көрсетеді. Келесі жылы шаруаларға 25 млрд теңге несие беру жоспарланып отыр.

Жамбыл облысында 2019 жылы пилоттық негізде бастау алған халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік  тиімділігін көрсетуде. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте жобаның жүзеге асу барысы, нәтижесі, кездесіп отырған мәселелер талқыланды. Айта кетейік, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11  ауылдық округіне қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылса, бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд. теңге игерілді. Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен (3,1 млрд.тг) Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан жалпы 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асқан. Ал, 2022 жылы республикалық бюджеттен 6,047 млрд. теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтегі 1209 кәсіпкерге несие берілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 800 млн. теңге бөлініп, ол қаржыға құрылған 10 кооперативтерге 2,5 пайызбен 100-ден аса түрлі ауыл шаруашылығы техникасы алынға. Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 126 пайызға, ет өндірісі 139 пайызға, сүт өндірісі 119 пайызға артқан. Соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарған. Бұдан бөлек, басқосуда кездесіп отырған мәселелер, атап айтқанда, несиені қайтару, қаржыны тиімді әрі мақсатты игеру, құжаттарды уақытылы рәсімдеу, жобаның жаңа шарттарын тұрғындарға түсіндіру шаралары да талқыланды. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарын жандандыру, кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік құжаттамаларын ретке келтіруді тездету, қолдан ұрықтандыру, жайылымдарға асыл тұқымды бұқаны қосуды қолға алу, кооперативтердің статистикалық есептерін өткізуді және бухгалтерлік есептерін жүргізуді қадағалау, олардың жер көлемін нақтылау, кооператив бойынша даму жоспарын әзірлеуге қатысты жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өткен.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты.

Кейінгі жылдары елді мекендерде жүзеге асып жатқан “Ауыл аманаты” жобасы ауылдықтардың тұрмысын тіктеп, шаруасын шалқытуға септігін тигізіп келеді. Мемлекеттік қолдаудың тетіктерін мейлінше қолданып қалуға тырысқан ауыл тұрғындарының саны да жыл санап арта түсуде. Шуда өткен аппараттық кеңесте де дәл осы жобаның аудандағы аяқ алысын талқыланып, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Биылғы жылы “Ауыл аманаты” жобасына енген Жаңа жол, Көкқайнар және Қорағаты ауылдық округтеріндегі тұрғындарды қаржыландыру мәселесі де кеңінен қаралды. Сонымен бірге, кеңес барысында Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі атқарылған жұмыстарға тоқталса, аталған ауылдық округке зерделеу жұмыстарын жүргізген бас инспектор мұндағы түйткілді мәселелерді атап өтті. Соған сәйкес, ауыл әкіміне орын алған олқылықтарды уақыт оздырмай шешу тапсырылды.