Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы бақылауда – жаңа меморандум бекітілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 7 қыркүйек, 2025
- 414
Сенбі күні Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талдау және оны тежеу шараларын әзірлеу жөніндегі кеңес өтті.
Инфляция деңгейі мен аймақтар бойынша динамика
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің мәліметінше, 2025 жылғы тамызда жылдық инфляция 12,2%-ға жетті (шілде – 11,8%). Ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды (14,4%), Ұлытау (13,6%), Ақмола (13%), Атырау (12,8%), СҚО (12,6%), Ақтөбе (12,5%) және БҚО (12,4%) облыстарында, сондай-ақ Астана (12,8%) мен Алматы (12,7%) қалаларында тіркелді.
Бағаның өсуіне негізінен ақылы қызметтер әсер еткен:
коммуналдық қызметтер – +2,9%,
көлік – +1,7%,
денсаулық сақтау – +0,9%.
Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1%-ға қымбаттаса, кейбір тауарлар арзандаған (тоңазытқыш – 1,5%, газ плита – 6,3%, ас үй бұйымдары – 0,1%).
Азық-түлік инфляциясы мен нарық тұрақтылығы
Азық-түлік инфляциясының қарқыны биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулаған. Тамыз айында ол 0,5%-ды ғана құрады. Төрт апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өзгеріссіз қалып, олардың индексі 7,8%-ға дейін төмендеді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова азық-түлік инфляциясына импорттың үлесі жоғары екенін (23–27%) атап өтті. Осыған байланысты импортты алмастыру бағдарламаларын күшейту ұсынылды.
Апта ішінде көкөністер, күріш пен қант арзандап, тұз бен күнбағыс майының бағасы тұрақталды. Бұл өндірушілермен жасалған меморандумдардың нәтижесі.
Бағаны тұрақтандыру жөніндегі келісімдер
Баға өсімін тежеу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі бірқатар өндірушілермен келісімдер жасады:
Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен:
Қарашада картоп бағасы – 145 теңгеден,
2026 жылдың көктемінде – 185 теңгеден аспау тиіс.
"Арал тұз" АҚ:
Баға 100 теңгеден 82 теңгеге дейін (–18%) төмендеді.
Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы:
Бір дана жұмыртқаның шекті бағасы – 55 теңге.
Мониторинг және цифрлық бақылау жүйесі
Сауда және интеграция министрлігі мен "Қазақтелеком" бірлесіп әлеуметтік маңызы бар өнімдер қорын басқаруда ашықтықты арттыру мақсатында үш кезеңнен тұратын цифрлық бақылау жүйесін енгізіп жатыр:
Қойма және қорлар дерекқорын қалыптастыру – СҚО, Ақмола, Павлодар, Жетісу және Қостанай облыстарында жүзеге асуда.
Қоймаларға бейнебақылау орнату – Павлодар облысында пилоттық жоба іске қосылды.
Электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректерді талдау – өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысын толық бақылау үшін енгізіледі.
Әлеуметтік қолдау және әкімдіктерге тапсырмалар
Атаулы әлеуметтік қолдауға көшу бойынша түзетулер дайындалды. Ақкөлде пилоттық жоба іске қосылса, Павлодар мен Көкшетауда кеңейту жоспарлануда.
Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин:
Табиғи монополияларды реттеу комитетіне – реттелетін қызметтер бағасын өсірмеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді,
әкімдіктерге – ӘКК иелігіндегі көкөніс қоймаларына бейнебақылау орнату үшін қолжетімділік беруді тапсырды.






