Жаңалықтар

Айгүл Орынбек ІІМ отбасына қысым жасай бастағанын мәлімдеді

Айгүл Орынбек ІІМ отбасына қысым жасай бастағанын мәлімдеді

Заңгер, ұлттық құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек Шымкент қалалық Полиция департаментіндегі «заңсыз әрекеттер туралы жазғаннан соң» Ішкі істер министрлігі отбасына қысым жасай бастағанын мәлімдеді. Ол мұны әлеуметтік парақшаларына жариялады. Орынбектің Orda.kz тілшісіне айтуынша, Шымкент қалалық Полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты болып жұмыс істейтін туған сіңлісінің күйеуіне екі айдан бері психологиялық қысым көрсетіліп, жұмыстан шығарылған.

Орынбек бұл Ішкі істер министрлігінің «тырнақ астынан кір іздеуі» деп бағалайды. Ол жақында республикалық телеарналардың біріне шақырылып, министрлікке полицейлер шағымын жеткізбек болған. Бірақ министрлік Орынбектің бағдарламаға қатысатынын білген соң қатысудан бас тартқан.

Орынбектің мәлімдемесіне байланысты Orda.kz қалалық Полиция департаментіне ресми хат жолдады. Бұдан бұрын Шымкентте патрульдік полиция полкінің екі ротасынан ондаған қызметкер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұраған. Олар «басшыларына пара беруге мәжбүр болғанын» сол үшін жұмыстан шығып қалу қаупі туғанын мәлімдеген. Айгүл Орынбек полицейлердің үндеуін әлеуметтік парақшаларында жариялаған. Бұл қоғамда талқыға түсті. Артынан полицейлерге қысым жасалғаны хабарланған. Шымкент қалалық Полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция полкінің басшысы Данияр Мейірхан әріптестерінің үндеуіне пікір білдірген. Ол үндеу жасаған инспекторлардың барлығына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабымен іс қозғағанын, тергеу жүріп жатқанын, соған сай шешім қабылданатынын жеткізген.