Аймағамбетов: Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге беріледі
Аймағамбетов: Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге беріледі
Оқушыларымыз халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерімен бізді қуантуды жалғастырып келеді. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жазды. Олар Географиядан халықаралық олимпиадада (IGeO-2022) 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынына алтын медальді Санжар Хамитов (Ақтөбе қ.) әкелсе, Еркебұлан Тазабек (Шымкент қ.) қола жүлдені еншіледі. Бұл еліміздің беделді олимпиадаға қатысу тарихындағы қазақстандықтардың екінші алтын медалі екенін атап өткім келеді, - деді ол. Биыл зияткерлік жарыстарды Франция ұйымдастырды. Бұл сайыстарға әлемнің 54 елінен 216 оқушы қатысты. Балаларымыздың математика, физика және енді география пәндерінен олимпиадалардағы жоғары жетістіктері олардың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Оқушыларды жеңісімен құттықтаймын! Біз сендерді мақтан тұтамыз. Сондай-ақ балаларға сапалы білім беріп жатқан ұстаздарға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Дарынды балаларды тәрбиелеген ата-аналарға да рахмет. Биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары бұрын-соңды болмаған қолдау шараларына ие болады. Президенттің тапсырмасы бойынша қомақты ақшалай сыйақы төлеу және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ қабылдау қарастырылып отыр. Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге, күміс медальға 3 млн-нан аса теңге, қола медальға 1,5 млн-нан аса теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады, - деді министр.